Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Теңгенің нығаюы – уақытша дүние": Сарапшылар төл валютамыздың болашағы жайлы айтты

Украина мен Ресей арасындағы соғыс фонында елімізде доллар бағамы рекордтық көрсеткішке дейін көтеріліп, қайта тұрақталды. Әлемдік нарықта төл теңгеміз еуроға шаққандағы позициясын да нығайтты. Бұл өзгерістер қашанға дейін жалғаспақ? Теңгенің болашақтағы жайы не болмақ? Stan.kz тілшісі көпшілікті толғандырған сауалдардың жауабын сарапшылардан сұрады.  

Ресей валютаның сыртқа кететін арналарын тұтастай жауып, экспорттаушылардың кірісін міндетті түрде сату арқылы оның елге келуін қамтамасыз ететін жолдардың 80%-ын ашты.  Ал осы жақында көрші мемлекет валюталық түсімді сату нормативін 80%-дан 50%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Ресей рубльді қолдау шараларын бірте-бірте қысқартпақ. Ал бұл ресейдің төл валютасы бір доллар үшін 90-100 рубльге дейін күрт арзандауы екіталай дегенді білдіреді. 

"Рубль еркін айырбасталатын валюта болудан қалды. Сондықтан оның ресми курсының ешқандай да маңыздылығы жоқ", – деді Финляндияның Орталық банктің Ресей бойынша маманы Ликка Корхонен. 

Рубль санкцияға қарамастан не себепті нығайып жатыр?

“Рубльдің санкцияға қарамастан нығаюына үлкен корпорациялардың  “мұнай-газдан түсетін табысының 80 пайызын рубль сатып алуға жұмылдыруы керек” деген тапсырманы орындағаны әсер етуде. Сол тапсырманың нәтижесінде, рубль күшейді.Тағы бір себебі – Ресейдің мұнай мен газын әлі де Еуропа сатып алып жатыр. Елге доллар мен еуро валютасы түсіп жатыр. Ал бұрынғыдай ол валюталарға Ресей тарапы сырттан ештеңе сатып алып жатқан жоқ. Яғни елге шетелдік валюта ағыны келіп жатыр, бұл қаражат сыртқа шығып жатқан жоқ. Бұл рубльдің құнының жоғарылауына сеп болуда”, – дейді Мақсат Халық. 

Аталмыш жағдай Қазақстанның қаржы нарығына да әсер етпей қоймады. Мұны соңғы күндері теңгенің долларға шаққандағы бағамының нығаюынан байқауға болады. Бұдан бөлек теңгеге үлкен күш-қуат беріп тұрған бірнеше фактор бар көрінеді. Бұл туралы UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық айтып берді. 

“5 сәуірден бастап біз ұлттық қор өсімдерін ұлғайттық. Бұл өз кезегінде теңге бағамына әсер етті. Яғни, аударымдардың трансферттік көлемі өсті. Өткен жылғы жоспар бойынша 2,6 триллион теңге аударылуы тиіс болған. Бірақ осы жолы оның көлемін 4 триллион теңгеден асырып жібердік. Демек, елімізге әр ай сайын шамамен 800 миллион доллардай ақша келіп жатыр. Ал ол қаражат қор биржасы арқылы өтеді де, ол жерден ақшаға теңге сатып алынады. Сөйтіп теңгеге деген сұраныс жоғарылап, валютамыздың қуаты артып жатқан жағдайы бар”, – дейді Мақсат Халық. 

Оның сөзінше бұдан бөлек, төл теңгемізге базалық пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы ықпал етіп отыр. 

“Қазір базалық мөлшерлеменің 14%-ға дейін көтерілгені белгілі. Бұл да теңгелік инструменттердің құндылығы мен қызушылығын арттырып, белгілі бір дәрежеде әсерін тигізіп тұр. Бірақ теңге бағамының нығаюына әсер етіп тұрған негізгі үлкен факторлардың бірі – рубльдің күшеюі. Қазір біз рубльдің рекордтық дәрежеге дейін көтерілгенін көріп отырмыз. Соның салдарынан, теңге де күшейіп жатыр. Бұнымен қоса жалпы фон бар. Ол - мұнай бағасының жоғары болуы. Соның арқасында біздің экспорттық әлеуетіміз жақсара бастады. Осылайша, теңгеміз нығайып жатыр”, – дейді экономист. 

Ал экономист Бауыржан Исабеков рубль позициясының күшеюі еліміздің экономикасына кері әсер етуі мүмкін екенін айтады.

“Ресей мен Украина арасындағы соғыстың әлі бітетін түрі жоқ. Санкциялар күннен-күнге үдеюде. Саяси жағдай да шиеленісіп, Ресей мемлекеті жалғыз қалып бара жатыр. Олар үшін мұнайдың қымбат болуына қарамастан сатылып жатқаны жақсы болып тұр. Доллармен сатылғаннан кейін бұл валютаны жаратататын нарық болмай жатыр. Ал санкцияларғаға байланысты шетелдік компаниялар Ресеймен өз жұмыстарын тоқтатқаны белгілі. Сол себепті долларға сұраныс болмағаннан кейін рубльдің бағамы өсе береді.

Мұнай бағасының өсуіне қарамастан рубльдің нығаюы теңгенің де күшеюіне әсер етуде. Ертең 10-12 жылдан кейін газ таусылып, инфляция өршіп кетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде валюта бағамының түсуіне алып келеді. Бүгінгі таңда Ұлттық банк сол балансты ұстап тұруға мақсатында шаралар қабылдауда. Бүгінде рубльдің теңгеге шаққандағы құны – 7 теңге. Егер осылай жалғаса беретін болса, ертең ресейліктер бізден доллар мен тұтынушылық тауарларды сатып алып кетеді, ал бұл жағдай экономикамызға теріс әсерін тизгізуі мүмкін”, – дейді қаржыгер. 

Теңгенің алдағы уақыттағы жайы не болмақ? 

Мақсат Халықтың айтуынша, қазіргі таңда негізінен доллардың индексі барлық елде көтеріліп келе жатыр. 

“Ол мөлшерлеме нөлдік дәрежеде болған, қазір бір пайызға жетті. Енді әр жиналысында 0,5 пайызға өсіреміз деп отыр. Яғни, жыл соңына дейін доллар әлі де күшейеді. Долларға қатысты, Қытай юані мен Еуропаның негізгі валюталары, соның ішінде еуро әлсіреп жатқанын көріп жатырмыз. Неге? Өйткені доллар күшін әлемде нығайтып жатыр. “Бірақ неге екенін бұл жағдай Ресей мен Қазақстанға кері әсерін тигізіп жатқан жоқ?” деген сұрақ туындайды. Себебі жоғарыда айтып кеткен факторларға байланысты теңгенің күшейіп жатқан жағдайы бар. Бірақ шын мәнінде теңге әлсіреуі керек еді. Демек, бұған қарап, біз рубль мен теңгенің құнды болуы – уақытша тенденция деген қорытынды шығара аламыз. Алдағы уақытта қайтадан белгілі бір дәрежеде теңгеміздің және рубльдің де құнсыздануын байқаймыз”, – дейді ол. 

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев әріптесінің сөзін растап отыр. Маман рубль мен теңгенің нығаюын уақытша шара деп санайды. Сондықтан теңге бағамына қатысты болжам айту қиын. 

“Кешегі күннен бастап теңге бағамы қайта нығая бастады. Осы уақытқа дейін нарықта болған жағдай тек уақытша дүние. Рубль бағамы өскен соң ғана теңге тек соның ізімен жүрді. Өйткені екі валюта бір-бірімен тығыз байланыста. Ары қарай да теңге рубльдің іс-әрекетін қайталайтын болады. Менің ойымша, теңгенің долларға шаққандағы құны осы жылдың соңына дейін 460 теңгеге дейін көтеріледі. Себебі Қазақстан бюджеті осы бағамға дейін ғана кепілдік бере алады. Мен қай кезде қалай көтерілетінін нақты айта алмаймын. Бәлкім, бүгінгі бағам біраз уақыт бойы тұрақталып қалуы мүмкін”, – дейді қаржы сарапшысы. 

Экономист Бауыржан Исабеков теңге бағамы 450-460-тан асатын болса Қазақстан экономикасы бұны көтере алмайды деп cанайды. 

“Ресейдің орталық банкі кеше базалық ставканы 24,17-ге түсірді. Яғни, ақшаға деген қолжетімділік өседі деген сөз. Себебі оларда инфляция төмендеп жатыр, сол себепті де теңге бірден 7 теңгеге арзандап кетті. Мұнайдың қымбаттауына байланысты валюта бағамы төмендеуі керек еді, бірақ осы жағдай әсер етіп тұр. Негізінде, қазіргі кезде біздің экономикамыз үшін 1 доллардың 410-420 теңгемен сатылуы – ең қолайлы және оңтайлы бағам. Өйткені бұл экспорттаушылар мен импорттаушылар үшін де, ірі және шағын және орта бизнес субъектілері үшін де тиімді. Ұлттық валютаның долларға қатысты бағамының 450-ден жоғары болуы экономикамыз оның ішінде шағын және орта бизнес субъектілері үшін өте қауіпті. Сондықтан ақша-несие саясатын оңтайлы ету мақсатында халыққа валютаны сатып алушылар мен сатушылар ретінде ақпараттық жұмыс жүргізу қажет. Мұнай-газ саласын дамытуда ірі және шағын кәсіпкерліктің өзара іс-қимылын қамтамасыз ете отырып, дамудың жаңа кезеңіне көшу керек”, – дейді ол.

Еуроның құлдырауы Қазақстанға қалай әсер етпек?   

Соңғы кездері қаржы нарығында Еуропаның басты валютасы – еуроның құлдырауы байқалады. Тіпті, кейбір сарапшылар еуроның доллардан да арзан бола түсетінін айтуда. Дегенмен бұл туралы қазақстандық мамандардың айтары басқа. 

“Еуро бағамы бірден түсіп, қазір қайта нығаюда. Әзірге бұл тенденцияның қашанға дейін жалғасатыны белгісіз. Қазір қор нарығында 1 доллар 1,7 еуроға тең. Еуро бағамының теңге бағамына ықпалы еуроның долларға қалай әсер ететінімен бірдей. Егер еуроның долларға шаққандағы бағамы төмендесе, теңгеге қатысты бағамы да әлсірейді. Аса бір өзгеріс байқала қоймайды. Бәрі доллардың бағамына байланысты. Бізде ақшалық есеп айырылысулар көбінесе доллармен жүреді. Сол себепті еуроның біздің экономикамыздағы рөлі шектеулі деп айтар едім”, – дейді Арман Бейсембаев.

Ал Бауыржан Исабековтің еуроның құнсыздануы Қазақстан экономикасына тиімді екенін жеткізді.
“Біздің Еуроодақпен импорттық, экспорттық үлесіміз 25 пайызды құрайды. Олардан қондырғылар, тұтынушылық тауарлар, жоғары технологиялық өнімдер сатып аламыз. Теңгеге шаққандағы бағамымен есептелсе арзанға түсетіні анық”, – дейді ол.

Талқылау