"ҚазТАГ" бас редакторына қатысты бұлтартпау шарасы үйқамақтан қамауда ұстауға өзгертілді

Алматы соты "ҚазТАГ" басылымының бас редакторы Әмір Қасеновке қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қамауда ұстауға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қалалық сотының мәліметінше, әлеуметтік желілерде Касеновтың Алмалы аудандық сотының өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасының мерзімі аяқталды деген мәлімдемелері таралған. Алайда сот бұл ақпараттың сот актісінің мазмұнына сәйкес келмейтінін хабарлады.
"Осы іс бойынша биылғы жылдың 5 маусымында сот бұрын таңдалған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыру туралы процестік шешім қабылдады", – делінген сот хабарламасында.
Сондай-ақ сот бұл қаулының сот кабинетінде жарияланғанын, оған тек процеске қатысушылар мен олардың қорғаушыларының қол жеткізе алатынын атап өтті.
Сонымен қатар бүгін соттың үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын "үйқамақ шарттарын бірнеше рет бұзғаны" үшін қамауда ұстауға ауыстырғаны белгілі болды. Мұндай өтінішті сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы берген.
Дәлел ретінде Қасеновке үйқамақ режимі кезінде әлеуметтік желілерді, интернетті пайдалануға, хат-хабар жіберуге, сондай-ақ кез келген байланыс құралдары арқылы сөйлесуге және жазысуға тыйым салынғаны келтіріледі.
Сот мәліметінше, Қасенов 2 маусым күні БАҚ парақшасында қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша жеке бейнеүндеу жариялап, үйқамақ шарттарын бұзған.
"Сондай-ақ ол 2026 жылдың 15 маусымында интернет-ресурстарда қылмыстық іс бойынша медиацияға қатысты тағы бір жеке бейнеүндеу жариялаған. Бұдан бөлек, Қасенов негізгі сот талқылауының 2026 жылдың 11 маусым сағат 10:00-ге белгіленгенінен хабардар бола тұра, сот отырысына келмеген, осылайша сотқа бірінші шақырту бойынша келу міндетін бұзған", – делінген сот хабарламасында.
Іске қатысушылардың пікірлерін тыңдап, ұсынылған материалдарды зерттей келе, сот мемлекеттік айыптаушының өтінішін қанағаттандыруға негіз бар деген қорытындыға келді. Сот қаулысымен Әмір Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасы үйқамақтан қамауда ұстауға өзгертілді.
Келесі сот отырысы 22 маусым күні сағат 10:00-де өтеді.
Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсанында Астанада ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов ұсталғаны туралы жазған едік. Артынша журналистің үйқамаққа жіберілгені белгілі болды.
Қазақстандық түрмелерде сотталғандар енді отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады
Оқыңыз