"Тегінің бір әріпін өзгертіп алған": 20 жыл бұрын Ресейде бойжеткенді өлтірген қылмыскер Павлодарда қолға түсті
Павлодарда 20 жыл бұрын Ресейдің Пермь қаласында бойжеткенді өлтірген 46 жастағы қылмыскер ұсталды. Ол өзінің тегіндегі бір әріпті өзгертіп, қашып жүрген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінде мәлімдегендей, осы уақыт ішінде күдікті мемлекетаралық іздеуде болған. Тергеу органдарынан жасырыну үшін ер адам фамилиясының бір әріпін өзгерткен.
"Полицейлер Павлодар қаласында 46 жастағы қылмыскерді ұстады. Ол Ресей Федерациясы Пермь қаласында адам өлтірді деп айыпталған. Белгілі болғандай, 2001 жылы ер адам бойжеткенді өлтіріп, қылмыс жасағаннан кейін Павлодар қаласына келген. Қылмыскер айлакер және қу болып шықты: оның тегіндегі бір әріпті әдейі өзгертіп алғаны анықталды", - деді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынған. 25 қыркүйектен 1 қазанға дейінгі аралықта Павлодар облысында полиция Қазақстаннан тыс жерлерде жасырынып жүрген қылмыскерлерді іздеудің тиімділігін арттыру бойынша "Іздеу" операциясын жүргізуде, деп атап өтті Павлодар облыстық полиция департаменті.
"Қарағанды облысындағы әріптестермен бірге Жезқазған қаласында 25 жастағы павлодарлықты ұстады. Ол Павлодарда ұрлық жасағаны үшін күдікке ілінген", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Ер адам Жезқазған қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері сот пен тергеуден қашып жүрген 74 қылмыскерді қолға түсірген.