Тазабеков өзін жүн бет деп сынаған Айгүл Орынбекке жауап берді
Мұхамеджан Тазабеков өзін сынаған қоғам белсенділеріне жауап берді. Бұған дейін Айгүл Орынбек Тазабековті ұлттық арнада уағызын жүргізіп жүр деп сынаған еді. Бұл да жүн беттердің арнасына айналды деп даурықты. Оған Тазабеков салмақты түрде жауап берді.
Бұл туралы Тазабеков желідегі парақшасында жазды.
"Құрметті оқырмандар! Сіздер қалай ойлайсыздар? Менің осы жүргізіп отырған парақшамнан, айтып жүрген бағдарламамнан кімге не зиян бар?
Кейбір қаракөздеріміз дабыл қағып, “Мұхамеджан сөйлемесін, бағдарлама тоқтатылсын” деп даурығатындай кім не бүлдірді?
“Жақсыда жаттық жоқ, жақсы сөз жан семіртеді, сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел” деп, ізгілікті қалаған ірілердің ұрпағы емес пе едік?!
Айналамыздан ақсақал таппай, қарттардың ішінен қария шықпай қапа боп жүрген заманда, бағдарламаның алдын тосып, жолын кесетіндей ҚАЗАҚТЫҢ көңілі неден тарылды?
Отбасыңмен отырып кино көре алмай, ұл-қызыңа ойлағаныңды бере алмай, инстаграмнан ютубқа, ютубтан тик-токқа түскен заманда, тағылым іздеген қазақтың бағдарламасын тыңдағанынан қандай қасірет көріп тұрмыз?!", - деп жазды.
Тазабековтың айтуынша, бағдарламаның мақсаты діни уағыз жүргізу емес, қоғамдық мәселелердің түйінен шешу, ақыл қосу, тәрбие беру. Көңілі түскеннің көңілін көтеру, жігер беру. Одан өзгеге насихат айтылып жатқан жоқ.
"Ақ ниетімді алдарыңызға ақтарып салып, уайымыңыз болса жеңілдетуге, қуанышыңыз болса көбейтуге үлес қоссам деп талпындым.
Қамыққан қарындастың, көңілсіз келіннің, жабыққан жеңгейдің жанына жылу сыйласам деп желіге жүгіндім...
Мен тәжірибеммен бөлісіп, тәлімімді айттым, сіздер жүрек жібітіп, жақындарыңызға жібердіңіздер...
Сіздер ақ тілек айтып, жігер бердіңіздер, мен риза болғаннан қанаттанып, қал-қадірімше қызмет етуге қуат жұмсадым...
Елдің тілегі есіктегіні төрге, ылдидағыны өрге шығарады. Сіздердің баталарыңызды алып, ризашылықтарыңызға бөленген жобамыз Ұлттық арнаның назарына түсіп, жаңа деңгейде, байтақ жұртқа ұсынылмақ екен.
Онда тұрған не бар? Діни уағыз, шариғи насихат айтқалы жатқанымыз жоқ.
Зайырлы қоғамға, дәстүрлі құндылықтарды паш етсек, әлемге кеңінен танымал консерваторлық көзқарас пен либералдық ұстанымдардың ықпалын талқылап, қызық деректерді келтірсек, кімге не зиян?!
Ұлтқа керекті, ұрпаққа пайдалы, қоғамға маңызды мәселелерді көтерсек, тәлімді тұсын тарқатып, пайдалы жағын пайымдасақ одан кім ұтылмақ?
“Өнбейтін дауды өспейтін ел ғана қуалайды”, дейді қазақ.
“Ойбай, уахаби екен, арабтан ақша алады екен, билікке жағымпаз болғасын жолы ашық екен” деген жала мен долбарды естіп келе жатқаныма жиырма жыл болды. Күдіктілер ұсталып, кінәлілер сотталып, қаншама оқиға тарихқа сіңіп кетті", - деді Тазабеков.