"Тәртіпті қамтамасыз етеміз": Ішкі істер министрлігі 25 қазанда митинг өтеді деген ақпаратқа пікір білдірді
Желіде 25 қазанда Республика күнінде елде митинг болатыны туралы және осыған орай Астана мен Алматыда полиция күштерінің біріктірілгені туралы ақпарат тараған еді. ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл қауесеттерге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сурет pexels-тен
Оның айтуынша, күштерді нығайту митингке байланысты емес, мерекеге орай жүргізіліп жатыр екен.
"Желідегі мұндай видеоларды көрмедім. Бірақ бізде жұртшылық әскерилерді көрсе соғыс басталды деп, полиция қызметкерлерін көрсе қандай да бір митинг болып жатыр деп ойлайды. Бүгін әлі 17 қазан. Сондықтан кімнің қайда қозғалып неге дайындалып жатқанын білмеймін. Біз қазір мереке күні болатын барлық іс-шаралардың тізімін сұрап жатырмыз. Сол бойынша қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеміз", - деді Лепеха үкімет брифингінде.
Ол әкімдіктер митинг өткізуге түскен барлық өтініштерді қарайтынын атап өтті. Ал ұйымдастырушылар рұқсат алған жағдайда, тәртіпті қамтамасыз ету үшін оқиға орнында полиция жұмыс істейді. Бірақ ҚДТ-ның (Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйым) заңсыз митингілерінің жолы кесілетінін атап өтті.
"25-не митингке шығуға өтініш білдіргендерге келетін болсақ, ҚДТ мүшелерінің шақырулары бар. Алайда олар Қазақстан аумағындағы қызметі заңсыз болып табылатын экстремистік ұйым болғандықтан, әрине, біз олардың ешқандай митингіне жол бермейміз", - деп қосты Лепеха.
Министрдің орынбасары митингке шақырып, кез келген өшпенділік тудыру белгілерін таратқандарды полиция бақылауына алатынын атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Астана мен Алматы әкімдіктері 25 қазанда митинг өткізуге өтініштер түспегенін жеткізгенін хабарлаған болатынбыз.