Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тарихшы шетелде сатылымға шыққан дәретхана төсеніштері туралы: Кім көрінгенге мазақ болып жатырмыз

Шетелдік танымал сайттардың бірінде мемлекеттік туымыз бейнеленген дәретхана кілемшелері, үй жануарларына арналған киімдер мен ваннаға ілетін перделер сатылып  жатыр.  Ал халық ерекше дизайнға қызығып, соны жанталасып алып жатқан көрінеді. Алайда мұндай дәретхана бөлмесінің жабдықтарының сатылымға түскеніне қарсылық білдіріп жатқандар да бар екен.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.     

 Америкалық сайттардың бірінде көк байрағымыз бейнеленген кілемшелер, орамалдар, ваннаға ілетін перделер, күшіктерге кигізетін киімдер сатылып жатыр екен. Бағасы 30 еуродан басталады.

"Алысқа бармай-ақ мына Өзбекстанды неге аяқасты қылмайды? Қырғызстанды, Түркіменстанды мысалы. Біз қатарлы елдер бар ғой Кеңес одағының құрамынан шыққан. Олар бірден жауапқа тартады. Ал бізде немқұрайлық, қалай болса солай жүре бергеннен кейін бұл бірінші мәрте емес. Кім көрінген, көлденең көк аттыға біз мазақ болып жатырмыз да. Өйткені біздің мемлекетте қатал заң керек та. Жауапқа тартса келесіде мұндай жасамайды", - деді тарихшы Жұмамұрат Шәмші. 

Алайда елімізде мемлекеттік рәміздерді қорғайтын арнайы заң жоқ емес. Бірақ мұндайға қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілік көзделген екен. Жарнаманы сайтқа жариялағандарға 200 не 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Болды. Ал дамыған әлем елдерінде мұндай жағдайлар неге болмайды? Өйткені оларда ұлттық рәміздерді қорлағандарға жаза әлдеқайда қатал. Оған қоса, шетелде бұл мәселені арнайы бақылауында ұстайтын арнайы орган да бар екен. Ал бізде әлі күнге дейін тек ұсыныс күйінде қалып отыр.

"Мемлекеттік арнайы орган бақылап отыру керек. Егер де ондай жағдайлар болса, мемлекеттік арнайы орган осындай мәселелерді көтеріп, осы заңнаманы бұзған заңды тұлғалармен жеке тұлғаларды жауапкершілікке тартады", - деді заңгер Айсана Сман.

Ал елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков мәселе заңда емес, насихатта дейді.

"Біздің туымыз біздің рәміздеріміз - біздің халқымыздың ертеден келе жатқан рухымыз. Сондықтан рухымызды таптауға ешкімге жол берілмейді! Мысалы елтаңба. Мен жасаған елтаңбаны талай жерге барамын Қазақстанның барлық жеріне барып шықтым бірақ елтаңбаны өзінің үйінде болмағаннан кейін, өзінің тарихын оқымағаннан кейін оны бір логатип есебінде, бір белгі есебінде қарайды да, оның ішінде тұнып тұрған тарихты көбісі біле бермейді", - деді ҚР мемлекеттік елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков. 
Сонда қайтпек керек?

"Қатты-қатты айтатын, беделді де белсенді біздің лауазымды депутат, сенаттарымыз солар не үшін отыр? Не үшін айлық алып отыр? Біздің мүддемізді қорғау үшін. Қарапайым біз секілділер айтқанымен бүл жеріне жетпейді де. Сондықтан жоғарыда отырған министр, әкім-қаралар соған шара қолдану керек деп ойлаймын", - деді тарихшы Жұмамұрат Шәмші.

Шетелдік сайттарда көк байрағымыз бейнеленген тауарлар кәдімгідей сұраныста көрінеді. Халық та қызығып алып жатыр. Сұраныс бар. Сондықтан тиісті шара тезірек қабылданбаса, байрағымыз әлі қанша үйде аяқасты болары белгісіз.

Айта кетейік, бұған дейін америкалық танымал сайттың бірінде Қазақстанның көк туы бейнеленген дәретхана төсеніштері сатылымға шыққан болатын. Бұл қазақстандықтардың наразылығын тудырды.

Талқылау