Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда елдімекен тұрғындары шошқа иісінен аурулары асқынғанын айтып шағымдануда

шошқа
Фото: сюжет кадрларынан скрин

Таразда елдімекен тұрғындары шошқа асырайтын көршісіне шағымдануда. Айтуларынша, қорадағы малдың жағымсыз иісі айналаға тарап, тіпті денсаулықтарына зиян келтірген. Тұрғындар бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселені көтеріп, әкімдіктен көмек сұрауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Шөлдала елдімекенінің тұрғындары шошқа ұстайтын адамның кесірінен кей адамдардың ауруы асқынғанын да алға тартты. Одан бөлек, иістен тыныс алу мүмкін емес екен. Көпшілік жүрек айну, асқазан ауруларына шағымдануда. 

“Сол үйдің жанында тұрамын. Иіске шыдау мүмкін емес. Шошқаның иісінен не далаға жата алмаймыз, не үйге кіре алмаймыз. Не қонақ шақыра алмаймыз”, – деді тұрғын Гүлбану Адамбаева. 

Көпшіліктің шағымданып бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Ал шошқа асырайтын көрсшісі әлі де шаруашылығын жалғастырып оты екен.

“7-8 жыл болды астма ауруымен ауырамын. Ауа жетпейді. Өкпем қысылады. Өзім медициналық қызметкер  болдым. Мына бәлені құрту керек”, – деді тұрғын Райгүл Өмірзақова.

Кәсіпкер полиция шақырып керісінше тұрғындарға шағымданған. Ол көршілер иіске төзбесе көшіп кетсін деген ұстанымда. Дауға полиция мен шенеуніктер шұғыл жеткенімен қолданыстағы заң бойынша әкімдік қолдан келер шара жоқ екенін айтты.

“Мен өз басым мұнда төрт рет келдім. Облыстық, қалалық депутаттары да келді. Малды шошқаны азайтыңыз дедік. Көршіге зиян келмесін. Кейінгісінде уже СЭС-пен келгенімде ешқандай нәтиже бермеді. Үйіне кіргізбей қойды кейінгі кезде. Жеке шаруа қожалық деген құжатын талап еттік. Бірақ ұсынбады”, – деді Жібек жолы ауданы әкімдігінің бас инспекторы Жарас Алтынбеков.

Наразылық танытқан тұрғындардың сөзінше қала іргесіндегі елдімекенде шошқа ұстайтын үш адам бар екен. Тұрғындар жағымсыз иіс мәселесін шешпейінше соңына дейін жететіндерін айтты. 

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 09:03