Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа салық кодексі әлеуметтік кәсіпкерлерді жеңілдіктерден айырды – Тапсырыс жоқ, қарыз көбейді

Фото: Эмин Аскеровтың жеке архивінен

2026 жылғы салық реформасы әлеуметтік кәсіпкерлікті тығырыққа тіреді. Солардың бірі кәсіпкер Эмин Аскеров бизнесінің жабылу алдында тұрғанын айтып, қызметкерлерді қысқартуға мәжбүр болғанын айтады. Астаналық кәсіп иесі Stan.kz тілшісіне қазір қандай шығынға батқанын айтып берді. 

“Жыл басынан бері біз іс жүзінде тапсырыссыз отырмыз”

Әлеуметтік осал топтарға жұмыс ұсынып келген қазақстандық қолөнер кәсіпорны бүгінде қиын кезеңді бастан өткеріп отыр. Кәсіп иесі Эмин Аскеров салық реформасынан кейін бизнесінің құлдырағанын айтады.

"Осы 11 жылда біздің компанияда алты бағыт бойынша жұмыс істеп келді. Олардың қатарында ағаш өңдеу, тігін, киіз өнімдері, полиграфия, дизайнерлік қызметтер және ағаш ойыншықтар өндірісі бар. Қызметкерлеріміздің 95%-ы әлеуметтік осал топ өкілдері. Бізде бұрын сотталған азаматтар, жалғызбасты аналар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, сондай-ақ менталдық ерекшелігі бар адамдар бар", – дейді Эмин Аскеров.

Алайда Эмин Аскеров қиын кезең басталып, 2026 жылғы салық реформасы бизнеске, оның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлікке де ауыр соққы болып тигенін айтады. Бұрын әлеуметтік миссияны алдыңғы орынға қойсақ, қазір кәсіпті сақтап қалудың өзі үлкен мәселеге айналып отыр деді ол.

"Халықтың сатып алу қабілеті айтарлықтай төмендеді. Біз қызметкерлер санын қысқартуға мәжбүр болдық, кейбірін толық емес жұмыс күніне ауыстырдық. Дәлірек айтқанда, 25%-ы қысқарып, тағы 10%-ын толық емес жұмыс күніне ауыстырдық. Тапсырыстар азайды, соның салдарынан қарыздар пайда болды. Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заңда салықтық жеңілдіктер нақты көрсетілген. Алайда әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі кураторы әрі салық реформасының авторы бұл норманы ескерусіз қалдырды", – деді Эмин Аскеров.

Эмин Аскеровтың айтуынша, ол әлеуметтік кәсіпкерлік бағытын шамамен 10 жыл бұрын таңдаған. Бұған мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдағы стереотиптер себеп болған. Ол осы көзқарасты өзгертіп, оларды жұмыспен қамту арқылы тең мүмкіндік қалыптастыруды мақсат еткен.

“Себебі әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заңда салықтық жеңілдіктер нақты көрсетілген, бірақ іс жүзінде ол қолданылмайды. Біздің қарапайым бизнестен басты айырмашылығымыз табыстың кемінде 50%-ын қайтадан әлеуметтік мақсаттарға инвестициялауымыз міндетті. Осыған байланысты біз мемлекет тарапынан қолдау мен преференциялар қажет екенін сезінеміз. Себебі біз ең алдымен елдегі әлеуметтік мәселелерді шешеміз. Алайда Ұлттық экономика министрлігі салықтық жеңілдіктерді қарастырмағандықтан, біздің өнімдер мен қызметтердің өзіндік құны айтарлықтай өсіп кетті. Соның салдарынан біз нарықта бәсекеге қабілетсіз бола бастадық", – дейді Эмин Аскеров.

Сонымен қатар кәсіпкердің сөзінше, биылғы қаңтар айынан бері компания өнімдеріне сұраныс күрт төмендеп, іс жүзінде ешқандай сатылым болмаған.

"Жыл басынан бері біз іс жүзінде тапсырыссыз отырмыз. Бұл, өз кезегінде, қызметкерлер санын қысқартуға және бір бөлігін толық емес жұмыс күніне ауыстыруға әкелді. Мәселенің негізгі себебі салық режимдеріне байланысты шектеулер. Жалпыға бірдей салық режимінде жұмыс істейтін компаниялар көбіне өздері сияқты компаниялармен жұмыс істейді. Ал жеңілдетілген режимдегі компаниялар да солай. Біз қосымша құн салығын (НДС) төлеуші болмағандықтан, бұрынғы клиенттеріміздің басым бөлігі қосымша құн салығын төлеушілер. Енді бізбен жұмыс істей алмай отыр", – деп түсіндірді Эмин Аскеров.

Эмин Аскеров шығындарды азайту үшін Павлодар қаласындағы ағаш ойыншықтарын шығаратын филиалды жабатынын да жасырмады. Оның айтуынша, бұдан бөлек жергілікті атқарушы органдар тарапынан түсіністік пен қолдаудың жеткіліксіздігі де кедергі келтіреді. Ол барлық өңірде әкімдіктер әлеуметтік кәсіпкерлерді бірдей қолдамайтынын айтып, олардың қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешудегі маңызды серіктес екенін жеткізді. Кәсіпкер кейбір әлеуметтік кәсіпкерлер бизнесті Өзбекстанға немесе БАӘ-ге көшіруді қарастырып жатқанын сөз етті.

"Иә, әріптестерім арасында бизнесті шетелге көшіру туралы ойлар бар. Себебі ол елдерде, әсіресе БАӘ-де, әлеуметтік кәсіпкерлікке арналған толыққанды қолдау экожүйесі қалыптасқан. Мысалы, 4% жеңілдетілген несие, қаражатты еркін шығару, 10 жылдық “алтын виза”, төмен салықтар мен қолжетімді инфрақұрылым бар. Ең бастысы, мемлекет бұл бағытты жүйелі түрде дамытып отыр. Мысалы, БАӘ 2031 жылға дейін 1 миллион бизнес тартуды жоспарлап, әлеуметтік кәсіпкерлікке ерекше басымдық беріп отыр", – дейді Эмин Аскеров.

Ал Эмин Аскеровтың өзі бизнесін көшіруді қарастырмайтынын айтады.

“Шетелге көшу салықтан толық құтқармайды”

Салық кеңесшісі, заңгер Айдар Масатбаевтың айтуынша, қазіргі өзгерістер бизнес үшін қолайсыз жағдай қалыптастырып отыр.

"Қазір шағын бизнес өзін “агрессивті салықтық ортада” жүргендей сезінеді. Оның басты себептерінің бірі В2В шегерімдерге қатысты шектеулер. Яғни, жалпыға бірдей режимдегі компаниялар жеңілдетілген режимдегі кәсіпкерлермен жұмыс істегенде олардың қызметін шығысқа жатқыза алмайды. Бұл өз кезегінде мұндай серіктестікті тиімсіз етеді", – дейді Айдар Масатбаев.

Фото: Айдар Масатбаевтың жеке архивінен

Оның айтуынша, кәсіпкерлер үшін таңдау да күрделене түскен. Егер кәсіпкер жалпыға бірдей режимге өтсе, онда ҚҚС төлеу міндеті туындайды дейді Айдар Масатбаев.

"Қазір қосымша құн салығы бойынша шекті айналым төмендетілген. Шамамен 40 млн теңгеден асқан жағдайда кәсіпкер қосымша салық төлеуге мәжбүр. Осылайша, ол корпоративтік табыс салығымен қатар, тоқсан сайын қосымша құн салығын төлейді. Дәл осы факторлар кәсіпкерлерді шетелдік юрисдикцияларды қарастыруға итермелеп отыр. Осы жағдайлар бизнесті халықаралық деңгейде құрылымдауға итермелейді. Кәсіпкерлер Өзбекстан, Қырғызстан немесе БАӘ-ні қарастырып жатыр. Алайда релокация бәріне бірдей қолжетімді емес, әсіресе, шағын бизнес үшін бұл қымбат әрі күрделі процесс. Шетелге көшу салықтан толық құтқармайтынын да атап өткен жөн", – дейді Айдар Масатбаев.

Сарапшының айтуынша, шетелдік құрылымдармен жұмыс істеу салықтан толық босатпайды, алайда бизнес табысты сыртқа шығару жолдарын іздеп, жаңа модельдерге көше бастаған.

“Егер қазақстандық компания шетелдік құрылыммен жұмыс істесе, онда Қазақстанда төлем көзінен ұсталатын салық пен бейрезидент үшін қосымша құн салығы сияқты міндеттемелер туындайды. Бұларды толық айналып өту мүмкін емес. Қазір орта бизнес жаңа модельдер іздеп жатыр. Кейбір компаниялар шетелде бөлек филиал ашып, табыстың бір бөлігін сол жақта қалдыруға тырысады. Яғни, пайда Қазақстанда емес, басқа елде қалып қояды. Мысалы, қызмет құны 120 доллар болса (57 771 теңге), кәсіпкерлер шетелде делдал компания енгізіп, оны 80 долларға (38 514 теңге) рәсімдейді. Осылайша, табыстың бір бөлігі Қазақстанда, ал қалған пайда шетелде қалады. Бұл – қазір байқалып отырған үрдістердің бірі. Алайда мұндай тәсіл шағын бизнес үшін әрдайым қолжетімді емес", – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, "таза парақ" бастамасы дұрыс идея болғанымен, оны іске асыру тәсілі бизнес тарапынан сенімсіздік тудырып отыр.

“Таза парақ” жақсы бастама еді. Бірақ оны жүзеге асыру барысында үкімет оның мәнін бұрмалап жіберді. Барлық ереже мен шектеулер “қызметтік пайдалану үшін” деген жабық құжаттарға енгізілген. Яғни, бизнес нақты қандай талаптар бар екенін білмейді. Мұндай жағдайда кәсіпкерлер салық органдарына сенім білдірмейді, керісінше, барлық талаптарды сотта даулауға мәжбүр болады. Салық органдары біз оларға сене саламыз деп ойлайды, бірақ олай болмайды. Енді шағын және микробизнеске қатысты шығарылған кез келген талап сотта дауланатын болады. Алайда соттардың өзінде де мұндай құжаттарды тек судьялар ғана көре алады, ал кәсіпкерлерге көрсетілмейді. Соңында “бізге сеніңіздер” дегенге тіреледі", –дейді Айдар Масатбаев.

Айта кетейік, былтыр билік, әуелі, қосылған құн салығын 12%-дан 16%-ға дейін көтеретінін жариялады. Қатарынан бірқатар жеңілдіктер де айтылды. Сонда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтыған кәсіпорындар және кей әлеуметтік салалар салықтан босатылады делінді. Алайда іс жүзінде реформа бизнеске жеңілдік емес, қысым әкелді. Арнайы салық режиміндегі кәсіпкерлер формалды түрде жеңілдік алғанымен, жалпыға бірдей режимдегі компаниялармен жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылды. Себебі B2B мәмілелері бойынша шегерімдерге шектеу қойылып, мұндай серіктестік тиімсіз болып қалды. 

Бұл мәселені кәсіпкер Эмин Аскеров та көтерді. Оның айтуынша, әлеуметтік осал топтағы адамдарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындар да ірі бизнеспен жұмыс істей алмай, нарықтан шеттетілу қаупіне тап болды.

2025 жылдың желтоқсанында кәсіпкерлер үкімет отырысынан кейін арнайы брифинг өткізіп, ашық наразылық білдірді. Негізгі талап B2B бойынша шегерімдерді алып тастау нормасын қайта қарау еді. Кәсіпкерлер атынан сөйлеген Жанар Сүлейменова бұл саясатты қатаң сынға алып, "біз тәжірибе жасайтын қоян емеспіз" деген ұстанымды жеткізді. Оның айтуынша, бұл шешім жүздеген мың кәсіпкер мен миллионға жуық адамның тағдырына әсер етеді және адал бизнеске шамадан тыс қысым түсіреді.

Соған қарамастан, жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Бірақ көп ұзамай сын күшейіп, Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда бұл құжатты қайта қарау қажеттігін ашық айтты. Ол Салық кодексі өзгермейтін заң емес екенін, қажет болса түзетілуі тиіс екенін ескертті.

Осыдан кейін премьер-министр Олжас Бектенов реформаны қайта пысықтауды тапсырды. Негізгі жауапкершілік "салық реформасының авторы" аталған Серік Жұманғарин жетекшілік ететін экономикалық ведомствоға жүктелді. Құжат әлі де толық пысықтауды қажет ететін, қызу талқыланып жатқан экономикалық өзгерістердің өзегіне айналып отыр.

Еске салайық, бұған дейін осындай мәселе қозғаған едік. Кәсіпкерлер “Таза парақ” бағдарламасы аясында айыппұлдар мен өсімпұлдар кешіріледі деген ресми уәделерге сенгенімен, іс жүзінде талаптардың өзгеріп, қосымша шектеулер енгізілгенін айтады. Бағдарлама туралы уәде 2025 жылғы қарашада айтылғанымен, нақты ережелер тек қаңтардың ортасында жарияланған. Оны бекітуге тағы бір ай уақыт кетіп, бұйрық тек 26 ақпанда күшіне енді. Ал қарыздарды есептен шығару тетігі наурызда ғана іске қосылған. Осы уақыт аралығында көптеген кәсіпкерлер шығынға ұшырап, есепшоттары бұғатталып, қаржылық операциялары тоқтаған. Оған қоса, салықтық әкімшілендіру жүйесінің тұрақсыз жұмысы, хабарламалардың кеш жіберілуі және рәсімдердің созылып кетуі бизнеске қосымша қысым түсірген. Нәтижесінде, жеңілдік ретінде ұсынылған “Таза парақ” бағдарламасының іс жүзіндегі орындалуы кәсіпкерлер арасында көп сұрақ пен наразылық тудырып отыр.

Айым Атамбаева
Жұма, 27 Наурыз, 2026 16:53