"Танымал бизнесмен 50 мың АҚШ долларын берді": Баян Мақсатқызы "Кешью" тобын құру үшін қарыз алғанын айтты
Танымал продюсер, актриса Баян Мақсатқызы ойламаған жерден топ құрып, продюсерлікпен алғаш айналысқан жылдарын есіне алды. Бұл туралы “Бизнес номад” подкастында айтып берді.
Фото: Подкастан скриншот
Отандық шоу-бизнестің жарқын өкіліне айналған “Кешью” тобының құрылғанына – 18 жыл.
“Менің отбасым шығармашылықпен ғана айналысқан. Әкем – дыбыс режиссер. Сіңлім – музыкалық продюсер. Менің жаным телевизия саласына жақын. Бір күні Бағым мені шақырып алып, “керемет ән айтатын қыздар бар” деді. Мен оның әңгімесіне қызықпадым. Өйткені музыка саласы маған ұнамайтын. Менің ойым тек теледидарда жүру болатын. Тележүргізуші болған ұнайтын. Бағым сол кезде мені шақырғаны әнші қыздарға продюсер керек екен. Мен оны түсінбегенмін, “өздері айта бермей ме?” дедім. Сөйтсем, оларға сахналық киім, ән, клип керек. Бағым мені көндіре алмай 3 ай жүрді. Бір күні жұмысқа барып, продюсер болуға келісетінімді айттым. Үш күннің ішінде 50 мың АҚШ долларын тауып, продюсердің жұмысын бастап кетпекшімін. Қалай тапқаным қызық па?”, – деп бастады әңгімесін Баян Мақсатқызы.
Айтуынша, үш күннің ішінде көп қаражатты танымал бизнесмен Сергей Рыжаков берген көрінеді.
“Уәде еткен үш күнім өтіп жатыр. 18 жыл бұрын ол көп ақша болатын. Жұмыстың жанындағы кофеханадан шай ішіп, не істейтінімді ойлап отырсам, жанымнан көптен бері көрмеген Салтанат әпкем өтіп барады. Аман-саулық сұрасқаннан кейін, қайда бара жатқанын сұрадым. Журнал ашып, соған инвестиция құятын бизнесменмен кездесуге бара жатыр екен. Мені бірге ертіп баруын өтіндім. Ол келісіп, бизнесменнің кабинетіне келдік. Сергей Рыжаков мені көрген сәттен таныды. Бірақ әпкемнің журналының бағыт-бағдары ол кісіге ұнаған жоқ. Сосын әпкем шығып кеткеннен кейін, мен бұйымтайымды айттым. Продюсерлікпен айналысқым келетінін жасырмадым. Жарты жылда қайтарамын деп уәдемді де бердім. “Маған алдымен қыздарды көрсет” деген талап қойды. Менің өзім қыздарды танымаймын, тек дауыстарын ғана естігенмін. Бағымға хабарласып, “қыздарың әдемі ме, дауыстары шынымен күшті ме” деп сұрадым. Ертеңіне жабық клубта жолығып, қыздардың дауыстарын тыңдады. Керемет ұнап, таңдай қақты. Ол кезде Мөлдір Әуелбекова, Әнел Арынова және Зумрат болған. Содан кейін ақшаны беріп, жұмысты бастадық. Аида Кауменоваға көйлек тіктірдім. 6 айдың ішінде қарызды қайтарып тастадым. Продюсерлік жолым осылай басталған”, – деді актриса.
Еске салайық, "Аузында темекі, жанында жалаңаш қыздар" деп Баян Мақсатқызының Snoop Dogg-қа шапан жапқанын халық сынады.