Талдықорған мәслихатының депутаты бір үйді үш адамға сатып, 126 миллион теңге пайда тапқан

Алматының Медеу аудандық соты Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты Жарылқасын Болатұлын аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот мәліметінше, ол бір жылжымайтын мүлікті бірнеше адамға сатып, ірі көлемде ақша алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде Михаил Козачковтың мәліметінше, Алматы қаласының Медеу аудандық соты 44 жастағы "Аманат" партиясының мүшесі, Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты Жарылқасын Болатұлына қатысты үкім шығарды. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға орташа қауіпсіздік мекемесіне бас бостандығынан айырылды.
Тергеу материалдарына сәйкес, депутат элиталық аудандағы коттеджін сатып, бірден үш сатып алушыдан ақша алған. Алғашқы сатып алушы 2025 жылдың ақпан айында 10 миллион теңге кепілақы берген. Алайда сатушы үйдің "қызыл сызықта" орналасқанын, яғни болашақта сүрілуі мүмкін екенін жасырған. Осы себепті мәміле жүзеге аспай қалғанымен, депутат кепілақыны қайтармай, сатып алушының қоңыраулары мен хабарламаларын бұғаттап тастаған.
Кейін үйге екінші сатып алушы табылған. Болатұлы оған үйдің банк кепілінде тұрғанын айтып, 116 миллион теңге көлеміндегі қарызды өтеуді сұраған.
Сатып алушы бұл соманы банкке аударып, қалған 3 миллион теңгені депутаттың өзіне берген. Қолына жылжымайтын мүліктің түпнұсқа құжаттарын алғанымен, кейін үйге бірнеше тыйым салынғаны анықталып, мәмілені рәсімдеу мүмкін болмаған.
Банк кепілі алынғаннан кейін депутат құжаттардың телнұсқасын рәсімдеп, сол коттеджді үшінші адамға сатып жіберген.
Сот барысында Жарылқасын Болатұлы кінәсін мойындамағанымен, сатып алушылардан ақша алғанын және оны өзінің "Айсулу" тігін фабрикасына салғанын растаған. Ол алғашқы сатып алушы өзін балағаттағандықтан байланысын үзгенін, ал екінші сатып алушы банк мәселесін өзі шешуі тиіс болғанын айтқан. Сонымен бірге сотқа дейін жәбірленушілерге келтірілген шығынды толық өтеген.
Судья Жасұлан Хусаинов сотталушыны тек бас бостандығынан айыру арқылы түзетуге болады деген қорытындыға келіп, оны 6 жыл 8 ай мерзімге орташа қауіпсіздік мекемесіне қамауға үкім шығарды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Алматы прокуратурасы өзін құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтар тобының жолын кескенін хабарлаған еді. Тергеу мәліметінше, алаяқтар алматылық зейнеткерлерді пәтерлерін сатуға көндіріп, ақшаны "қауіпсіз шоттарға" аударуға мәжбүрлеген. Салдарынан келтірілген жалпы шығын 1,5 миллиард теңгеден асқан.
Оқыңыз