Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған Kaisar Plaza бизнес-орталығы тағы сатылмай қалды

Алматыдағы бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығын сату бойынша қайта ұйымдастырылған электронды аукцион өтпей қалды. Себебі сауда-саттыққа қатысу үшін бірде-бір өтінім түспеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматыдағы бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығын сату бойынша 14 шілдеге жоспарланған электронды аукцион қайтадан өтпей қалды. Оған бірде-бір қатысушы тіркелмеген.
Нысан бағаны көтеру әдісімен сатылымға шығарылған. Оның бастапқы бағасы 47 миллиард 344 миллион теңгені (ҚҚС-сыз), ал кепілдік жарнасы 7,1 млрд теңгеден асқан.
2017 жылы салынған тоғыз қабатты Kaisar Plaza ғимаратының жалпы аумағы 63 920 шаршы метр болады. Ол Алматы қаласының Алмалы ауданындағы Желтоқсан көшесі, 115 мекенжайында орналасқан. Қазір нысан "КУВА" ЖШС-нің еншілес ұйымының сенімгерлік басқаруында, ғимарат жұмысын жалғастырып жатыр және онда 53 жалға алушы бар.
Еске салайық, биыл ақпан айында бұл бизнес-орталық 61,5 миллиард теңге бастапқы бағамен де сатылымға шығарылған болатын. Алайда ол кезде де сатып алушылардың болмауына байланысты аукцион өтпеген деп танылған.
Айта кетейік, 2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекетке қайтарылған Қайрат Сатыбалдының активтері туралы ақпарат жариялаған еді. Олардың қатарында Kaisar Plaza бизнес-орталығы, әкімшілік ғимараттар, элиталық жылжымайтын мүлік, зергерлік бұйымдар, пәтерлер, автокөліктер, компаниялардағы акциялар мен үлестер, теміржол инфрақұрылымы және шетелден қайтарылған қаражат болған. Мемлекетке қайтарылған активтердің жалпы құны 732,8 миллиард теңге болған.
Осыған байланысты 2024 жылы Kaisar Plaza мемлекетке қайтарылған активтер тізіміне енгізілді. Тергеуден соң Қайрат Сатыбалдыұлынан жалпы құны 730 миллиард теңгеден асатын активтер мемлекет меншігіне өтті.
Олардың қатарында:
- Kaisar Tower бизнес-орталығы (7,9 миллиард теңгеден астам) – жоғары оқу орнына берілді;
- Құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат – Жүргенов атындағы өнер академиясына тапсырылды;
- Астанадағы жалпы құны 5 миллиард теңгеден асатын үш зәулім үй – ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталыққа берілді.
- Мемлекетке өткен ірі коммерциялық нысандар:
- Kaisar Plaza – шамамен 33,5 миллиард теңге;
- DoubleTree by Hilton қонақүйі – 6,49 миллиард теңге;
- "АрСат" бизнес-орталығы – 8,9 миллиард теңге;
- "Maisat" бизнес-орталығы – 5,2 миллиард теңге;
- "Мегатау" сауда үйі – 8,9 миллиард теңге;
- "Байсат" базары – 15,9 миллиард теңге;
- Астанадағы "Оптимум" бизнес-орталығы – 3,2 миллиард теңге.
Сонымен қатар Австрия, Лихтенштейн, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінен ондаған миллиард теңгеге бағаланған ақша қаражаты, бағалы қағаздар мен жылжымайтын мүлік қайтарылды. Олардың ішінде:
- Дубайдағы екі вилла – шамамен 20 миллиард теңге;
- Францияның Лазур жағалауындағы төрт пәтер – 4 миллиард теңге;
- Мәскеудегі 15 жылжымайтын мүлік нысаны – 5 миллиард теңге;
- Түркиядағы (Бодрум мен Ыстанбұл) жылжымайтын мүлік – 4 миллиард теңгеден астам.
2024 жылдың тамызында Өскемен қалалық соты Қайрат Сатыбалдыұлының жазаны жеңілдету туралы өтінішін қарап, оның қалған жаза мерзімін 3 жыл 3 ай 7 күнге бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды.
Еске салайық, бұған дейін Қайрат Сатыбалды 2022 жылы қамауға алынып, қыркүйекте қаржы жымқыру ісі бойынша 6 жылға сотталды. Тергеу барысында Қайрат Сатыбалды мемлекетке миллиардтаған теңгенің активтерін қайтарды, ал 2024 жылы өтелген шығынды ескеріп, сот жазасын бостандығын шектеуге алмастырды.
Оқыңыз