Қайрат Сатыбалдыұлының тәркіленген бизнес-орталығының бағасы күрт төмендеді

Алматыдағы бұрын Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған Kaisar Plaza бизнес-орталығы электронды саудаға қайта шығарылды. Нысанның бастапқы бағасы 7 миллиард теңгеге арзандап, 54 миллиард теңге болып белгіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Тоғыз қабатты кеңсе ғимараты Алматы қаласындағы Желтоқсан көшесінде орналасқан. Оның жалпы аумағы шамамен 64 мың шаршы метрді құрайды. Қазір ғимаратта 53 жалға алушы жұмыс істейді. Нысан орналасқан жер телімі 2030 жылға дейін жалға берілген.
Бұған дейін бизнес-орталық 7 сәуірде 61,5 миллиард теңгеге сатылымға шығарылған болатын. Алайда сатып алушылар табылмады. Сарапшылардың пікірінше, бұған нысан бағасының нарықтық құнынан едәуір жоғары қойылуы себеп болған.
Бағалаушылардың есебіне сәйкес, ғимараттың нарықтық құны – 44,7 миллиард теңге, ал жер телімінің құны – 2,8 миллиард теңге. Яғни мәміле жасауға ұсынылған жалпы нарықтық баға шамамен 47,5 миллиард теңгені құраған.
Алайда активтің иесі саналатын Қайтарылған активтерді басқару компаниясы нысанды жоғары бағамен сатуға шешім қабылдаған. Соның салдарынан мәміле жүзеге аспай, бизнес-орталық әлі күнге дейін компанияның балансында қалып отыр.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы нысан бағасына қосылған шамамен 15 миллиард теңге үстемеақының себебін сұраған. Компания өкілдері сату бағасы ішкі ережелерге сәйкес белгіленетінін хабарлаған. Бағаға тәуелсіз бағалаушылардың есебі, нарықтағы жағдай және нысанның инвестициялық тартымдылығы әсер етеді. Енді ведомство бизнес-орталықтың бастапқы бағасын 7 миллиард теңгеге төмендетіп, оны қайта сатуға шығарды. Сауда-саттық 17 маусымға жоспарланған.
Айта кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені. Ол әр жылдары ұлттық қауіпсіздік қызметінде офицерлік қызметтер атқарып, Астана әкімінің орынбасары, "Kazakh Oil" ұлттық компаниясының вице-президенті болған. Кейін қайтадан ҰҚК жүйесінде басшылық қызметтерде жұмыс істеді. Сонымен қатар "Қазақстан темір жолы" компаниясының вице-президенті, "Дүние" корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы және "Нұр Отан" партиясының хатшысы қызметтерін атқарған. 2015 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысып, Alatau Capital Invest компаниясының басқарушы серіктесі болды.
2022 жылы ол "Қазақтелекомға" келтірілген 12 миллиард теңгеден астам шығынға және "Көліктік сервис орталығының" мүлкін жымқыру ісіне байланысты 6 жылға бас бостандығынан айырылды. 2023 жылы оған қатысты тергеу басқа эпизодтар бойынша жалғасты. Сол жылдың қаңтарында ол ақшаны жылыстату ісі бойынша кінәсін мойындады.
ОқыңызОсыған байланысты 2024 жылы Kaisar Plaza мемлекетке қайтарылған активтер тізіміне енгізілді. Тергеуден соң Қайрат Сатыбалдыұлынан жалпы құны 730 миллиард теңгеден асатын активтер мемлекет меншігіне өтті.
Олардың қатарында:
- Kaisar Tower бизнес-орталығы (7,9 млрд теңгеден астам) – жоғары оқу орнына берілді;
- Құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат – Жүргенов атындағы өнер академиясына тапсырылды;
- Астанадағы жалпы құны 5 млрд теңгеден асатын үш зәулім үй – ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталыққа берілді.
- Мемлекетке өткен ірі коммерциялық нысандар:
- Kaisar Plaza – шамамен 33,5 млрд теңге;
- DoubleTree by Hilton қонақүйі – 6,49 млрд теңге;
- "АрСат" бизнес-орталығы – 8,9 млрд теңге;
- "Maisat" бизнес-орталығы – 5,2 млрд теңге;
- "Мегатау" сауда үйі – 8,9 млрд теңге;
- "Байсат" базары – 15,9 млрд теңге;
- Астанадағы "Оптимум" бизнес-орталығы – 3,2 млрд теңге.
Сонымен қатар Австрия, Лихтенштейн, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінен ондаған миллиард теңгеге бағаланған ақша қаражаты, бағалы қағаздар мен жылжымайтын мүлік қайтарылды. Олардың ішінде:
- Дубайдағы екі вилла – шамамен 20 млрд теңге;
- Францияның Лазур жағалауындағы төрт пәтер – 4 млрд теңге;
- Мәскеудегі 15 жылжымайтын мүлік нысаны – 5 млрд теңге;
- Түркиядағы (Бодрум мен Ыстанбұл) жылжымайтын мүлік – 4 млрд теңгеден астам.
2024 жылдың тамызында Өскемен қалалық соты Қайрат Сатыбалдыұлының жазаны жеңілдету туралы өтінішін қарап, оның қалған жаза мерзімін 3 жыл 3 ай 7 күнге бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды.
Еске салайық, бұған дейін Қайрат Сатыбалды 2022 жылы қамауға алынып, қыркүйекте қаржы жымқыру ісі бойынша 6 жылға сотталды. Тергеу барысында Қайрат Сатыбалды мемлекетке миллиардтаған теңгенің активтерін қайтарды, ал 2024 жылы өтелген шығынды ескеріп, сот жазасын бостандығын шектеуге алмастырды.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр