Америкалыққа тұрмысқа шыққан қазақ қызы қайын жұртына бауырсақ пен бешбармақ жасауды үйретіп жүр

Желіде америкалық отбасыға келін болып түскен қазақ қызының өмірі көпшіліктің назарын аударды. 25 жастағы София Касперзак шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуды ешқашан жоспарламағанын айтады. Алайда Қазақстандағы кездейсоқ таныстық оның өмірін түбегейлі өзгерткен. Бүгінде америкалық енесімен видео түсіріп бешбармақ, бауырсақ дайындауды үйретіп жүрген қазақ қызы Stan.kz тілшісіне АҚШ-тағы өмірі, америкалық отбасына қалай тап болғаны, дін мен сүндет той туралы айтып берді.
София Белялова Павлодар қаласының тумасы. Ол туған қаласында информатика пәнінің мұғалімі мамандығын тәмамдаған.
“Қазір тұрмысқа шыққаннан кейін тегім Касперзак болып өзгерді. Отбасымда екі кіші бауырым бар. Мен жалғыз қызбын. 18 жасымда Астанаға көшіп, сонда төрт жыл тұрдым. Оқуымды онлайн жалғастырып, дипломымды Астанада жүріп аяқтадым. Мамандығым бойынша жұмыс істей алмадым. Алдымен бала күтуші (няня) болып, кейін қонақүйге жұмысқа орналастым. Сол жерде ағылшын тілін үйрене бастадым. Сонымен қатар курсқа да барып жүрдім. Одан кейін емханада да жұмыс істедім. Америкаға кетердің алдында Hilton қонақүйінде жұмыс істедім. Жалпы қонақүй саласында бес жылдай еңбек еттім. Сол ортада ағылшын тілін күнделікті қолданып, жақсы меңгеріп алдым”, – деді ол.
“Ағылшын тілін білгесін, америкалыққа кофе алуына көмектеспек болдым”
София күйеуі 34 жастағы Тайлормен Астанада танысқан. Тайлор Қазақстанға жұмыс сапарымен көрмеге келген. Ол халықаралық көрмелер ұйымдастыру саласында жұмыс істеген.
“Біз кофеханада таныстық. Ол кофе алуға тапсырыс беріп жатқан. Мен ағылшын тілін білетін болғандықтан, көмектесейін деп қасына бардым. Негізі қазір сол кезде көмегім аса қажет болмаған да шығар деп ойлаймын. Бірақ солай әңгімеміз басталып кетті. Кейін телефон нөмірлерімізбен алмасып, сөйлесе бастадық. Меніңше, егер ағылшын тілін білмегенімде, бәлкім, мүлде таныспас па едік. Қазақстанда шамамен екі аптадай ғана болды. Кейін Мәскеуге ұшып кетті. Бірақ сол уақыттың ішінде жақсы араласып кеттік”, – деп баяндады ол.
Америкалық жігіт кейін арақашықтыққа қарамастан Софиямен жиі байланыста болған. Тіпті ол үшін Қазақстанға да келіп тұрған.
“Біз алғаш танысқаннан кейін келесі рет үш айдан соң кездестік. Сол аралықта күн сайын шамамен он сағат сөйлесетінбіз. Кейде күні бойы байланыста болатынбыз. Басында бұл жай ғана әдетке айналғандай болды. Кейін бір-бірімізге қатты үйреніп кеттік. Екі жақта уақыт айырмашылығы да біздің байланысымызды үзбеді. Сол ұзақ әңгімелердің барысында адамды шын мәнінде тани бастайды екенсің. Сондықтан өз басым қатты қорықтым деп айта алмаймын. Бірақ бәрібір өзгелерге дәл осылай жасауға кеңес бермес едім. Себебі бәрінің жолы біздікіндей бола бермейді. Кейбір адамдар аңғал болуы мүмкін. Ал өмірде әртүрлі жағдай кездеседі. Басында әрине біздің қарым-қатынасымызды екеуміздің де ортамыз достарымыз біртүрлі қабылдады. Сондықтан біз үшін бұл кезең оңай болған жоқ”, – деп қосты ол.
“Ата-анам қарсы болды: Ол ислам дінін қабылдады”
Үш ай байланыстан соң Тайлор Қазақстанға келген кезде София онымен отбасын құру туралы шешімге келген.
“Қазір осы жағдайға бүгінгі көзқараспен қарасам, бәлкім, олай асықпас едім деп ойлаймын. Бірақ екінші рет кездескен кезде-ақ, яғни ол Қазақстанға екінші рет келгенде, мен онымен некеге тұру туралы шешім қабылдадым. Өзім дін мәселесіне қатты мән беремін. Ислам дінін ұстанамын. Сол себепті мешітте неке қию туралы шешім қабылдадық. Көп адам мені "мұсылман емес адамға тұрмысқа шықтың" деп сынады. Бірақ мен оларға қайта-қайта түсіндіруден шаршадым. Жолдасым – мұсылман. Ол ислам дінін қабылдады, ораза ұстайды. Бірақ бұл тақырыпты үнемі дәлелдеп жүруден шаршаған соң, енді қозғамаймын деп шештім. Адамдар не ойласа да, өздері білсін. Біз танысқанға дейін ол агностик болған. Оның отбасы толықтай христиан дінін ұстанады. Мен кейде "оның көзін аштым" деп ойлаймын. Себебі ол бұрын нақты бір дінді ұстанбаған, Құдайға сенгенімен, дін мәселесіне терең үңілмеген еді. Ал қазір көп нәрсені түсініп, өз жолын тапты деп ойлаймын. Некені Ресейде қидық. Содан кейін бірден отбасы болып бірге өмір сүре бастадық”, – деп баяндады ол.
Софияның айтуынша, Тайлордың отбасы оны алғаш күннен жылы қабылдаған. Болашақ енесімен ол Америкаға көшпей тұрып-ақ видеоқоңырау арқылы сөйлесіп жүрген. Тіпті Тайлор үйленуге ұсыныс жасағанда анасы сақина таңдауға көмектескен. Кейін дәл сол сақинамен Ресейде ұсыныс жасаған. Ал Софияның ата-анасына бұл жаңалықты қабылдау әлдеқайда қиын болған.
"Мен отбасымдағы жалғыз қызбын. Екі інім бар. Ата-анам қатты қарсы болды. "Не істеп жүрсің? Не қылғаның?" деп қатты ренжіді. Нақты не айтқандарының бәрі есімде жоқ, бірақ олардың қатты уайымдағаны есімде. Алайда сол кездері мен қатты ауырып қалдым. Миымның қасына мандариннің көлеміндей үлкен ет өсіп кеткен екен. Соған байланысты маған екі рет ота жасалды. Бұл өмірімдегі ең қиын кезеңдердің бірі болды. Сол уақытта Тайлор үнемі жанымнан табылды. Операцияға дейін қолымды ұстап, маған барынша қолдау көрсетті. Жүре алмай қалған кездерімде де қасымнан бір елі кеткен жоқ", – дейді София.
Кейіпкердің сөзінше, дәл осы қиын кезең әкесінің де болашақ күйеу баласына деген көзқарасын өзгерткен.
"Әкем сол кезде қасыма келіп жүрді. Тайлордың маған қалай қамқор болып жүргенін, жанымнан шықпай қолдау көрсеткенін өз көзімен көрді. Кейін оған алғысын айтып, "Сендерге той жасап береміз" деді. Соңында ата-анам өздері бізге той жасап берді. Үйден ұзатылдым. Бәрі қазақы дәстүрмен өтті. Мен оған алдын ала айтып қойғанмын: "Сен таңғалма, бізде осылай болады. Ән айтады, мені шығарып салады, бәрі жылайды" деп түсіндірдім. Ол бәрін түсініп барды. Әкеммен де сөйлесті. Тіпті әкеме қарап: "Уайымдап тұрсыз ба?" деп сұрады. Сол кезде барлығы жылады. Өйткені менің Қазақстаннан алыстағы Америкаға кетіп бара жатқанымды бәрі түсінді. Қашан келемін, қалай болады, өмірім қалай өзгереді ешкім нақты білмеді. Сондықтан ата-анама да, жақындарыма да бұл өте ауыр болды", – деп қосты ол.
“Енем ыдыс-аяқ, киіміме дейін дайындап қойған: Менің мұнда еш міндетім жоқ”
София қазір Америкадағы Мичиган штатының орталығы Детройтта тұрады. Дегенмен ол Америкаға көшкен кезде өзіне оңай болмағанын алға тартты.
“Шынымды айтсам, мен ешқашан Америкаға көшемін деп ойлаған емеспін. Ондай арманым да болмаған. Тіпті өмірімде ондай жоспар құрмағанмын. Күйеуім "Америкаға көшеміз" деген кезде қатты жыладым. Барғым келмеді. Көшер алдында күйзеліске түстім. Қазақстаннан кеткім келмеді. Әрине, шетелге саяхаттап барғым келетін. Бірақ басқа елге біржола көшу мүлде ойымда болған емес. Америкаға көшіп келгеннен кейін де алғашқы бір жыл өте ауыр өтті. Үнемі жыладым, анама хабарласып жүрдім. Кейін анам Америкаға келіп, мені қолдап, жанымнан табылды. Қазір көшіп келгеніме үш жыл болды. Бүгінде еш өкінбеймін. Керісінше, Америкада өте бақыттымын деп айта аламын”, – деді қазақстандық.
Софияның айтуынша, Америкаға алғаш барған кезде өзге мәдениеттен сәл жатырқағанын жасырмады. Әсіресе тамақтану мәдениеті өзіне жат көрінген.
“Аэропорттан кейін үйге келдік. Ішімнен "қазір дастархан жайылып, шай ішеміз" деп ойладым. Бірақ үйге кірген соң бәрі диванға отырып сөйлесе бастады. Біраздан кейін "тамақ келді" деді. Сөйтсем, жеткізу қызметімен тапсырыс берген тамақ екен. Барлығы өз контейнерін алып, диванға, креслоға жан жақта отырып тамақ іше бастады. Тіпті жерде отырғандары да болды. Мен "Тамақты қай жерде ішеміз?" деп сұрадым. Өйткені мен үшін үстел басында отырып тамақтану қалыпты нәрсе еді. Олар болса, "ештеңе етпейді" деп, диванда отырып-ақ тамақтана берді. Сол кезде олардың өмір салты біздікінен мүлде бөлек екенін түсіндім", – деп қосты ол.
Дегенмен осындай кездерде оған енесінің қамқорлығы қолдау болған екен. Айтуынша мұнда келіндік міндет жоқ, қалауыңша киініп, қалауыңша жүресің.
"Біз барған кезде бізге арнайы үй дайындап қойған екен. Үйдің іші бос емес, барлық қажетті заттар дайын тұрды. Ыдыс-аяғынан бастап, үйге керек-жарақтың бәрін алып қойған. Ол менің жатын бөлмемді, кілемі де, ас үйдегі заттары бәрін менің талғамыма сай дайындап қойған. Сол кезде қатты таңғалдым. "Қандай керемет адам!" деп ойладым. Қазір де қандай да бір қиын жағдай болса, ең бірінші енеме хабарласамын. Ол маған әрдайым көмектеседі. Оларда "келін" деген түсінік біздегідей емес. Келіндері өздерін еркін ұстайды. Кейде кімнің қызы, кімнің келіні екенін де ажырата алмай қаласың. Себебі бәрі бір-бірімен өте қарапайым қарым-қатынаста. Бір күні тамақ ішіп болған соң, өзімді "келінмін" деп сезініп, ыдыс жинауға жүгіріп кеттім. Бірақ сол кезде қайын атам мен оның ағасы өздері жинай бастады. Маған: "Сен не істеп жатырсың?" деді. Мен: "Мен келінмін ғой, жинауым керек" дедім. Олар таңғалып: "Не айтып тұрсың? Сен балаңа қарауың керек", деді. Сол кезде біздің менталитет пен олардың өмірге көзқарасының мүлде бөлек екенін түсіндім. Кейін біртіндеп олардың өмір салтына үйрене бастадым", – деді кейіпкер.
"Америкалықтар да балаларын сүндетке отырғызады"
София АҚШ-та ер балаларды сүндетке отырғызбайды деген пікірдің шындыққа жанаспайтынын алға тартты. Айтуынша мұнда бұл процесс нәресте дүниеге келе сала жасалады.
"Мұнда көп ер бала сәби кезінде сүндеттеледі. Дегенмен біз ұлымыз екі жасқа толғанда Қазақстанға келіп сүндетке отырғыздық. Оған оңай болған жоқ. Үш күн бойы қатты жылады. Дәрігер де мұны ертерек жасаған жеңіл болар еді деді. Кейін 90 адамға арнап той жасадық. Бишілер де болды, қазақы дәстүрмен баланы ортаға шығардық. Тайлордың отбасы үшін мұның бәрі ерекше әсер қалдырды. Олар мұндайды бұрын көрмеген. Оған ең қатты әсер еткені – адамдардың көңілділігі болды. Қазақтар тойда өздерін еркін ұстайды. Билегісі келсе билейді, күлгісі келсе күледі. Ешқандай қысылу жоқ. Өзім Америкадағы тойларға да барғанмын. Шынымды айтсам, олардың тойлары біздікімен салыстырғанда тыныш өтеді. Адамдар көбіне жай ғана отырады", – дейді ол.
Софияның айтуынша, ұлы Қазақстанда дүниеге келгенімен, қазір АҚШ азаматы.
"Қазақстан қос азаматтыққа рұқсат бермейді. Сондықтан баламыздың Қазақстан азаматтығынан шығуына тура келді. Қазір ол – АҚШ азаматы. Болашақта Қазақстанда тұруға мүмкіндік беретін құжат рәсімдеуді жоспарлап отырмыз. Ал өзіме келсем, әзірге әлі құжат алу процессі жүріп жатыр", – дейді ол.
"Қазақстанды Ауғанстанмен шатастыратындар әлі де бар"
Софияның сөзінше, күйеуінің отбасы алғашында Қазақстан туралы көп біле бермеген екен. Сол себепті де уайымдаған.
"Кейбір америкалықтар "-стан" деп аяқталатын елдердің бәрін бірдей көреді. Тіпті Қазақстанды Ауғанстанмен шатастырып жатады. "Террористер тұратын жақ па?" деп сұрайтындар да болды. Ондай кезде әрине намыстанасың. Дегенмен ата-енем еліміздің қандай екенін көрді. Оларға дәстүрімізді таныстырдым. Өздері Қазақстанға келген соң: "Қандай қонақжай халықсыңдар, адамдарың өте мейірімді екен", деп таңғалды", – дейді кейіпкер.
Оның айтуынша, бүгінде екі жақтың ата-анасы да жақсы араласады. Тайлордың анасы Софияның анасына жиі сыйлық жіберіп тұрады. Екеуі WhatsApp арқылы байланыста.
“Анам Америкаға келіп, ағылшын тілін аздап үйреніп алды. Сондықтан құдағилар өздері сөйлесуге тырысады. Қазір Тайлормен де сөйлеседі. Екеуінің арасы өте жақсы. Бір-бірін қатты сыйлайды. Құшақтасып, бақытты болып жүретіндерін көргенде қатты қуанамын. Жалпы менің өмірім керемет, америкалықтар жақсы деген ойды айтудан аулақпын. Қай мемлекет, қай ұлт болмасын, адам таңдағанда абай болу керек. Адамның ұлтына емес, мінезіне, адамгершілігіне қарау маңызды. Менің айналамда да өте жақсы қазақ жігіттері бар. Отбасым да жақсы адамдар. Достарымның, құрбыларымның арасында да жақсы күйеулері мен ата-енелері бар. Менің ойымша, ең бастысы – адам өзін бақытты ететін жолды таңдауы керек”, – деп қорытты ол.