Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі күн мәйітпен бірге ұйықтаған": Ақтөбеде танысын өлтіріп, денесін қоқысқа тастаған ер адамға үкім шықты

қоқыстан табылған мәйіт
Фото: КТК видеосынан скрин

Ақтөбеде 63 жастағы ер адам танысын өлтіріп, мәйітін екі тәулік бойы үйінде ұстағаны үшін 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметінше, кейін ол мәйітті сөмкеге салып, шанамен сүйреп апарып қоқыс жәшігіне тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жантүршігерлік іске үкім шықты.

Судья Жәнібек Сейітжапаров сотталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі “Қасақана қазаға ұшырату” бойынша кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айырды. Жаза өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі деп көрсетілді.

“Тергеп-тексеру кезінде кінәсін ішінара мойындады. Толық мойындамады. Төбелесіп қалғанын, араларында кикілжің болғанын, жәбірленуші пышақпен ұмтылғанда қолын қайырғанда ішіне кіріп кеткенін айтты. Қалай өлтіріп алғаны есінде жоқ. Бірақ мәйіт үйінде екі тәуліктен аса жатқан. Ешкімге хабарламаған. Үйінде иіс шыққаннан кейін мәйіттен құтылуды ойланған. Әрі қарай қыста шана әкелген. Содан кейін мәйіттен құтылған, ізін жасырғысы келген. Ол 21-ақпан күні хабарлама жіберген. Масаң күйде болғаны дауысынан көрініп тұр. Оқиға болған жерде қарай мәйітті сөмкеге салып, үйінен сүйреп шығарғанын көрсетті. Бұл аса ауыр қылмыстық санатқа жатады. 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Масаң күйде жасағаны, жазаны ауырлататын, мойындағаны жеңілдететін мән-жай деп таныды”, – деді судья Сейтжапаров.

Сот моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талап арызды қанағаттандырды. Жәбірленушінің туыстарына сотталушыдан 2 млн теңге моральдық зиян өндіру міндеттелді.  Сондай-ақ ол 1,2 млн теңге процестік шығын өндіруі тиіс.

Іс материалдарына сенсек, оқиға 2026 жылы 21 ақпанда болды. Сотталушы өз үйінде жәбірленушімен бірге алкогольдік ішімдік ішеді. Арасында жанжал туындаған. Тергеу нұсқасы бойынша диванда жатқан сотталушыны жәбірленуші екі рет ұрып жіберген. Осы әрекет сылтау болады. Ол жәбірленушінің кеуде тұсына бірнеше рет соққы жасап, қазаға ұшыратқан.

Кейін мәйіттен құтылуды ойластырып, оны бүктеп,  аяқ қолын скочпен орап сөмкеге салады. Сағат таңғы 04:00 шамасында қоқыс жәшігіне апарып тастаған. Ала сөмкеге салынған денені аула сыпырушы тапты. Мәйіт табылғаннан кейін ол полицияға өзі барған.

Сотталушының білімі арнайы орта, тұрақты жұмыс орны жоқ, бойдақ және бұрын сотталмаған. Судья оған апелляциялық шағым келтіре алатынын түсіндірді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда түн ортасында болған отбасылық жанжал адам өлімімен аяқталды. Тергеу мәліметінше, 34 жастағы ер адам өгей әкесін асүй пышағымен бірнеше рет пышақтап өлтірген. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы жедел жеткен. Дәрігерлер 59 жастағы ер адамды аман алып қалуға тырысқанымен, оның көп жерден пышақ жарақатын алып, көп қан жоғалтуына байланысты өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Полиция күдіктіні ізін суытпай ұстады. Тергеу мәліметінше, ол қаза тапқан ер адамның 34 жастағы өгей ұлы болып шыққан. Алдын ала мәлімет бойынша, отбасылық жанжал кезінде ол өгей әкесіне асүй пышағымен бірнеше рет соққы жасаған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 09:44