Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мейрамханаға жарнама жасады: Талдықорған әкімдігі желідегі жазбасы үшін көптің сынына ұшырады

Талдықорған әкімдігінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында “Shafran” мейрамханасының ашылуы туралы ақпарат жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мейрамхана жеке қаражатқа салынғанына қарамастан, Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің өзі келіп мекеменің тұсауын кесуі желі қолданушыларының ашуын туғызды. Сондай-ақ олар әкімдік парақшасында мейрамхана туралы ақпарат жарияланғанына наразы. 

“Қаржы пирамидасын жарнамаламағанына рахмет”, “Бұған қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексеріс жүргізсін”, “Барлық әкімдіктер мен әкімдер осылай істейді. Өздеріне жақын кәсіпкерлерді жарнамалайды, ашылу салтанатын өткізеді”, – деп жазды желі қолданушылары.

Салтанатты ашылу рәсімінен тараған суреттен әкімнің мейрамхананың лентасын қиып жатқанын көруге болады. Кейін ол шараға жиналғандарды құттықтаған. 

“Shafran мейрамханасы енді талдықорғандықтарға қолжетімді бағамен тағамдардың кең ассортиментін ұсынбақ. 250 орындық мейрамханада жазғы терраса, 3 VIP зал және балаларға арналған ойын бөлмесі бар”, – делінген әкімдіктің хабарламасында.

Талқылау