Тағы он бір адамның денесі табылды: Семейдегі өрт кезінде қаза тапқандар саны 14-ке жетті
Семейдегі өрт кезінде қаза тапқандар саны 14-ке жетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Абай облысындағы өртті сөндіру жедел штабының мәліметінше, іздеу жұмыстары барысында тағы 11 қаза тапқан адамның денесі табылған. Қаза тапқандардың жеке басы анықталуда", - деп жазды ТЖМ-нан.
Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында Семейдегі орман өртіне қатысты соңғы мәліметтермен бөлісе отырып, қаза тапқандардың кім екені анықталып жатқанын айтты.
"Жаңа ғана тікұшақпен әуеден жағдайды тағы бақылап келдік. Бұған дейін айтқанымдай, өртті ауыздауға жел кері әсерін тигізіп жатыр. Сол сияқты орманның ішіне техникамен кіру қиындық туғызып тұр. Жалпы жағдай тұрақты әрі бақылауда", - деді Нұрболат Дербісов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.
Сондай-ақ, тележүргізуші өрттен қайтыс болғандардың тағдырына қатысты сауал қойды.
"Сұрағыңыз орынды. Бәрімізге де оңай болып тұрған жоқ. Өрт басталғаннан кейін орман қызметкерлері байланысқа шықпай қалды. Олар қолданған техника қалдықтарының орны табылды. Қазір полиция қызметкерлері олардың жеке басын анықтай бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қайтыс болғандар туралы ақпаратты құзырлы органдар береді деп ойлаймыз. Біздің қазіргі міндет – өртті ауыздақтап, оның жақын маңдағы елдімекендерді жайлауына жол бермеу", - дейді ол.
Айта кетсек, бұған дейін жоғалған Орман шаруашылығы үш қызметкерінің өлі денесі табылған болатын. Осылайша, қаза тапқандар саны 14-ке жетті.
Естеріңізге сала кетейік, 9 маусым күні таңертең өрттің ауданы шамамен 30 мың гектарды құрады. Алайда кешке оның ауданы 60 мың гектардан асты. Семейде өртке байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. 9 маусым күні кешке президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинға Абай облысына өрт орнына баруды тапсырды. Сонымен бірге, 9 маусым күні кешке үш адам қайтыс болғаны белгілі болды. Ақпарат көзінің хабарлауынша, техника жетіспеген, өрт кеш сөндіріле бастаған, өрттің таралуы туралы қате болжам жасалған. Сондай-ақ, 10 маусымға қараған түні Абайда өрттің Қазақстанның ең ірі гидроэлектростанциясы – Шүлбі ГЭС-не жақындап келе жатқаны белгілі болды, алайда облыс әкімдігінде өрттің ГЭС-ке жақындағанын жоққа шығарады.
Семей маңындағы үш ауылдың тұрғындарын эвакуацияланды. Эвакуацияланғандар үшін облыс орталығында тоғыз пункт дайындалды. 9 маусым түн ортасына таман Ақорда Тоқаевтың Вьетнамға сапарын кейінге қалдырғанын және Абай облысындағы өрт аймағына ұшуға ниетті екенін хабарлады. Сондай-ақ, президент Абайдағы өртпен күресу үшін барлық қолда бар ресурстарды жұмылдыруды тапсырды.
Осы сәтте Абай облысының аумағындағы өрт, Greenpeace мәліметтері бойынша, әлемдегі ең ірі болып шықты.
Абай облысындағы өртті сөндіруге әскерилер тартылып, оқиға орнына Қорғаныс министрі барғаны белгілі болды.
Сондай-ақ жағдай тұрақталғаны хабарланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Юрий Ильинді ТЖМ басшысы қызметінен босатты.
Сырым Шәріпханов төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды.
10 маусым күні кешке Абай облысындағы өрт ошақтарының басым бөлігі оқшауланғаны белгілі болды.