Жамбылда полиция басшысының орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталды

Жамбыл облысында Байзақ аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Талғат Сәрсенов пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктіге қылмыстық істі рақымшылыққа байланысты тоқтату үшін 300 мың теңгекөлемінде ақша берілген. Ақшаны адвокат А.Б. Жаманбаева жеткізгені айтылып отыр.
Ақша беру фактісі тіркелгеннен кейін Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі ("Пара алу") бойынша жаңа қылмыстық іс қозғалды.
Ақпаратқа сәйкес, пара беруші ретінде көрсетілген азамат Қылмыстық кодекстің 104-бабы 1-бөлігі ("Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру") бойынша тергеліп жатқан басқа қылмыстық істің фигурантың бірі.
Қазіргі уақытта адвокат Жаманбаеваның процестік мәртебесі белгісіз. Оған қандай да бір айып тағылғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Ол іс бойынша куәгер ретінде өтуі немесе тергеуге көмектесуі мүмкін.
Егер тергеу барысында адвокаттың заңсыз сыйақыны беруге қасақана қатысқаны анықталса, оның әрекетіне Қылмыстық кодекстің 368-бабы ("Парақорлыққа делдал болу") немесе істің мән-жайына қарай 367-бабы ("Пара беру") бойынша құқықтық баға берілуі мүмкін.
Қазір құқық қорғау органдары бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме жариялаған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысы полиция департаментінің басқарма басшысы вейп сатумен айналысқан кәсіпкерге қамқорлық көрсетті және пара алды деген күдікке байланысты қызметінен босатылған еді. Кейін ҰҚК қылмыстық істі кінәсі дәлелденбегендіктен тоқтатып, полицей сотқа жүгінді. Сот оны қызметіне және арнайы атағына қайта қалпына келтіріп, мәжбүрлі түрде жұмыссыз жүрген уақыты үшін 4,6 миллион теңгеден астам өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін
Оқыңыз