Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түрмеде дәрі ішіп көз жұмған Сания ісінде адвокат полицейлердің қамауға алынуына күмән келтірді

Сания Жұбанышева
Фото: Әлеуметтік желіден

Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында көз жұмған 23 жастағы Сания Жұбанышеваның ісіне қатысты жаңа мәлімдеме жасалды. Қыздың өлімінен кейін салғырттық бабы бойынша қамауға алынған екі изолятор қызметкерінің адвокаты Талғат Есімов олардың қамауға алынуы заңға сәйкес келмейтінін айтып, тергеу мен сот шешіміне күмән келтірді. Жағдайдың қалай болып жатқанын журналист Михаил Козачков желідегі арнасында жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еске салайық, 23 жастағы Шымкент тұрғыны Сания Жұбанышева кәмелетке толмаған жасөспірімге пышақ жарақатын салды деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалған еді. Алайда оның адвокаты Санияның өзі жыныстық зорлық әрекетінің құрбаны болғанын, өзін зорламақ болғанын айтып, полиция шақырғанын және бұл жайтқа тергеу тиісті құқықтық баға бермегенін мәлімдеді.

15 мамырға қараған түні Сания изоляторда өзін жайсыз сезініп, кейін ауруханада көз жұмды. Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, ол камераласына тиесілі жүрекке арналған дәрілерді көп мөлшерде ішіп қойған. Осыдан кейін суицид және қамауда ұстау тәртібін бұзу деректері бойынша қылмыстық істер тіркелді.

Кейін марқұмның анасы тергеудің объективті жүргізілмей жатқанын айтып, дәлелдердің толық зерттелмегенін және қызына уақытша ұстау изоляторында моральдық қысым жасалғанын мәлімдеді.

Журналист Михаил Козачков Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында көз жұмған 23 жастағы Сания Жұбанышева ісі бойынша жаңа жайттарды жариялады. Оның мәліметінше, қазір ауыр зардапқа әкелген салғырттық фактісі бойынша қозғалған іс аясында уақытша ұстау изоляторының екі қызметкері күдікті ретінде қамауға алынған.

Күдіктілердің бірінің мүддесін қорғайтын адвокат Талғат Есімов олардың қамауға алынуы заң талаптарына қайшы болуы мүмкін деп есептейді. Оның айтуынша, тергеу соты қоғамдағы резонансқа байланысты тергеу органының қамауға алу туралы өтінішін қанағаттандырған.

"Еліміздің Бас прокуроры Берік Ноғайұлы мен Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Амангелдинұлының назарын Шымкент қаласының прокуратурасы мен тергеу сотының шешіміне аударғым келеді. Менің пікірімше, олар Сания Жұбанышева ісінің резонансына байланысты Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі ("Салғырттық") бойынша күдікке ілінген уақытша ұстау изоляторы кезекшісінің көмекшісін қамауға алуды қолдады. Бұл ретте Қылмыстық-процестік кодекстің 147-бабы мұндай шешім қабылдауға мүмкіндік бермейді. Соған қарамастан тергеу соты кепілмен босату мүмкіндігін де қарастырмады. Бұл заң нормаларына сүйенген жеке пікірім", – деді адвокат.

Есімовтің сөзінше, күдіктілерге тағылған бап бойынша ең жоғары жаза төрт жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Ал Жоғарғы соттың нормативтік қаулысында бес жылдан аз жаза қарастырылған істерде күдіктіні қамауда ұстау бұлтартпау шарасы ретінде қолданылмауы тиіс екені көрсетілген.

Адвокат Қылмыстық-процестік кодекстің 147-бабында (Күзетпен ұстау) мұндай жағдайға қатысты ерекше негіздер нақты жазылғанын атап өтті. Оның айтуынша, күдіктінің тұрақты мекенжайының болмауы, жеке басының анықталмауы, тергеуден жасырынуы, бұрын бұлтартпау шарасын бұзуы, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы немесе бұрын сотталған болуы сияқты негіздер бұл іске қатысы жоқ.

Сондықтан қорғаушының пікірінше, күдіктілерді үйқамаққа немесе кепілмен босату мәселесін қарастыруға болатын еді.

Сонымен қатар адвокат істегі тағы бір мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, егер Сания Жұбанышеваның өлімі уақытша ұстау изоляторы қызметкерлерінің салғырттығынан болды деген нұсқа қарастырылып жатса, онда жауапкершілік тек офицерлік шені жоқ кезекші көмекшілеріне ғана жүктелмеуі тиіс.

"Егер қайғылы оқиға қызметкерлердің салғырттығынан болды деген болжам болса, онда изолятор жұмысының ұйымдастырылуына жауап беретін басшылықтың әрекеттеріне неге құқықтық баға берілмейді?" – деді Талғат Есімов.
Айым Атамбаева
Сенбі, 01 Тамыз, 2026 14:21