"Зорламақ болған": Шымкентте уақытша ұстау изоляторында көз жұмған қыздың анасы мәлімдеме жасады

Шымкент тұрғыны Сәния Жұбанышева уақытша ұстау изоляторында көз жұмды. Тергеу нұсқасы бойынша, ол өз-өзіне қол салған. Алайда марқұмның туыстары тергеудің объективті жүргізілмегенін айтып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Санияның анасы Зухра әлеуметтік желіде мемлекеттік орган өкілдері “дәлелдер болғандай” етіп көрсетуге тырысып жатқанын мәлімдеді.
“Сол түні сол жерде болған адамдардың сөзінен басқа, қоғамға ешқандай объективті дәлел көрсетілген жоқ. Қатысушылардың айтуынша, бастапқыда пышақ біреу болған, кейін “дәл сол пышақ” пайда болды. Онда саусақ іздері болмаған. Сараптама үшін киімдер алынбаған. Қызым сол күні берген арыз уақытылы тіркелмеген. Мұның бәрі тым көп сұрақ тудырады. Қызым полицияны өзі шақырған. Ол жасырынған жоқ. Оның телефонында басқа адамның пышақ ұстап, агрессия танытып тұрған видеосы болған. Ол сол кеште жәбірленуші болғанын өзі айтқан. Бірақ толық әрі объективті тергеудің орнына оған өте ауыр бапты іліп қойды. Сот оны 2 айға қамауға алғаннан кейін де ол әділдік бар екеніне сенді. Адвокатына сенетінін айтты. Адвокат оған әділдікке қол жеткізуге уәде берді. Бірақ қазір қызым жоқ”, – дейді әйел.
Марқұмның анасы дәрі-дәрмек пен суицид туралы нұсқаны да сынға алды.
“Маған түсіндіріңіздерші: сырттан қызымa қарапайым мұрынға арналған тамшыны да “ештеңе болмайды” деп кіргізбеген. Бірақ камерада қандай жолмен көп мөлшерде күшті әсер ететін дәрілер пайда болған? Мұндай дәрілер қатаң бақылауда сақталып, қажет мөлшерде ғана берілмеуі керек пе? Мен бұл сұрақтарды шу шығару үшін қойып отырған жоқпын. Мен шындықты қалаймын. Қызым қайтыс болғаннан кейін, біреулер қызметін сақтап, жауапкершіліктен қашу үшін оның атын қаралауға жол бермеймін”, – деді ол.
Анасының сөзінше, қызды уақытша ұстау изоляторында моральдық тұрғыдан қысым жасаған.
“Менің қызымды моральдық тұрғыдан сындырды. Уақытша ұстау изоляторында оған қайта-қайта бір ғана сұрақ қойған: “Пышақтаған сен бе?”. Күн сайын қысым. Күн сайын қорқыныш. Күн сайын шарасыздық сезімі. Қорғау тарапы оның кінәсіз екенін дәлелдейтін уәждер айтса да, оның жасырынбағанына, полицияны өзі шақырып, тергеумен ынтымақтасқанына қарамастан, сот оны 2 айға қамауға жіберді”, – деп жазды қайғыдан қан жұтқан ана.
Еске салайық, 23 жастағы Сәния уақытша ұстау изоляторында қайтыс болды. Оған Қылмыстық кодекс бабы бойынша айып тағылған. Қыздың адвокаттары бұлтартпау шарасын өзгертуді талап еткен. Ал Санияның өзі оны зорламақ болғанын айтқан.
2026 жылы шетелдік көрмелерге Алматы әкімдігі 1 млрд теңге жұмсайды: Делегациялар Дубай, Токио және Гонконгқа барады
Оқыңыз