Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Конгода Эболадан мыңдаған адам жұқтырып, тұрғындар аштық қаупімен бетпе-бет қалды

эбола дерті
Фото: wam.ae/ru

Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусының өршуі ушығып барады. Елде қауіпті инфекцияны жұқтырғандар саны 1 406 адамға жетіп, 438 науқас көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі News.un.org порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусын жұқтырғандар саны 1 406 адамға жетті. Оның ішінде 438 адам қайтыс болған.

Үкіметтің соңғы мәліметіне сәйкес, індет ең көп таралған өңір – Итури провинциясы. Сонымен қатар Солтүстік Киву және Оңтүстік Киву провинцияларында да жұқтыру жағдайлары тіркелген.

Конго билігі Эбола індетінің өршуі туралы биыл мамыр айының ортасында хабарлаған болатын. Денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, халық арасында вирустың таралуы, тұрғындардың жиі қоныс аударуы және зардап шеккен кейбір аудандарға қолжетімділіктің шектеулі болуы індетпен күресті қиындатып отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP) Конго Демократиялық Республикасында Эбола індетімен күреске аштықтың күшеюі айтарлықтай кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеді.

Ұйымның мәліметінше, елде Эбола жұқтырғандар саны 3,2 мыңнан асты. Сонымен қатар індеттен зардап шеккен өңірлерде тұратын 2,65 миллионнан астам адам азық-түлік тапшылығын бастан кешіріп отыр.

WFP сарапшыларының айтуынша, аштық халықтың емделуге және оқшаулану шараларын сақтауға мүмкіндігін төмендетіп, індеттің таралу қаупін арттырады. Осыған байланысты ұйым алдағы алты айда Конгодағы гуманитарлық операцияларды жалғастыру үшін 293,6 миллион доллар көлемінде қосымша қаржы қажет екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар БҰҰ-ның күнделікті шолуында Бас хатшы Антониу Гутерриштің Кипрге сапарының қорытындылары, Батыс жағалаудағы қауіпсіздік жағдайының нашарлауы және Гаитидегі гендерлік зорлық-зомбылықтың күрт өскені де қамтылды.

Еске салайық, Эбола індеті 2026 жылғы 15 мамырда Конго Демократиялық Республикасының солтүстік-шығысында тіркелді. Қазір Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада вирус жұқтырудың жалпы 471 жағдайы расталып, 84 адам қайтыс болды. Оның ішінде Конгода 452 адамнан вирус анықталып, 82 адам көз жұмса, Угандада 19 адам індетке шалдығып, екі адам қайтыс болған. Індетпен күрес аясында ДДҰ мен Africa CDC эпидемиологиялық бақылау мен зертханалық диагностиканы күшейту үшін 518 миллион доллар көлеміндегі бірлескен жоспарды іске қосуды ұсынды.

Айым Атамбаева
Сенбі, 01 Тамыз, 2026 13:06