Қазақстанда енді жол ережесін бұзған самокаттарды енді "Сергек" камералары анықтайды

Алматыда жол қозғалысы ережесін бұзған электр самокаттарына бақылау күшейтіледі. Енді құқық бұзған самокаттарды "Сергек" бейнебақылау камералары арқылы анықтау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа қағидаға сәйкес, самокаттарды жол бойына немесе қоғамдық орындарға ретсіз қалдыруға тыйым салу жоспарланған. Қала әкімдігі кикшеринг компанияларымен бірлесіп, самокаттарға арналған 1200-ден астам арнайы тұрақ орнын белгілеген. Жалға берілетін самокаттар осы орындарға қойылуы тиіс, ал жеке меншік самокат иелері бұл тұрақтарды тегін пайдалана алады.
Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, қазір самокаттарды бейнебақылау арқылы анықтау жұмыстары пысықталып жатыр.
"Самокаттарға әкімдік 1200-ден астам арнайы тұрақ белгіледі. Бұл жұмыс кикшеринг компанияларымен де пысықталған. Одан бөлек, сәйкестендіруге мүмкіндік беретін камералар қою мәселесін пысықтау қажет. Осы бағытта „Сергек“ жүйесімен де бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр", – деді Ғалым Сарғұлов.
ОқыңызПолицияның мәліметінше, тамыз айының соңынан бастап самокаттарға қатысты жоспарлы тексерулер басталады. Рұқсат етілмеген жерге қалдырылған самокаттар айып тұрағына жеткізілуі мүмкін.
Қала тұрғындарының бір бөлігі қоғамдық орындарда ретсіз қалдырылған самокаттарды арнайы тұрақтарға орналастыруды қолдайды. Дегенмен кейбірі самокат жүргізушілеріне шектеуді күшейткеннен гөрі, оларға арналған арнайы жолақтар салу қажет деп есептейді.
Қазіргі уақытта кикшеринг компаниялары самокаттарды талапқа сай қалдырмаған пайдаланушыларға толыққанды шара қолдана алмайды. Осыған байланысты жаңа ережелерді енгізуге дайындық жүргізіліп, компанияларға кемшіліктерді түзетуге уақыт берілген.
Полицияның хабарлауынша, жыл басынан бері Алматыда 17 мың электр самокаты айып тұрағына қойылған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда электрсамокаттардың тротуармен жүруіне тыйым салатын заң қабылданған еді. Өзгеріс 25 тамыздан бастап күшіне енеді. Осы күннен бастап тротуармен жүрген электрсамокат жүргізушілеріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615-бабы бойынша 2 АЕК (8650 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бұған дейін самокат жүргізушілеріне жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмей, сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен тротуармен жүруге рұқсат етілетін.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін