5 тіл біледі, тігін тігіп, шахмат ойнайды: Қабатовтың қызының сөзінен кейін жасөспірімдер жетістіктерін жариялады

Жақында танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы Айарудың тікелей эфирде айтқан сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Ол 14 жасында керемет билей алатынын, конькиді өте жақсы тебетінін және футбол ойнай алатынын айтып, өзіне жағымсыз пікір қалдыратындарды “өмірде ештеңеге қол жеткізбеген ауыл адамдары” деп сипаттады. Бұл мәлімдеме көпшіліктің сынына ұшырады. Осыдан кейін әлеуметтік желіде жасөспірімдер жазба жариялап, өздерінің жетістіктерін бөлісіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
12 жастағы Әлтайыр есімді оқушы биыл Астанадағы НЗМ, БИЛ, РФММ және “Дарын” мектептеріне қатар қабылданғанын жазды. Оның айтуынша, ақылы дайындық курстарына бармай, ауылда өздігінен дайындалған. Сонымен қатар ғылыми жобасын қорғап, республикалық математика және “Алтын сақа” олимпиадаларында жүлдегер атанған. Домбырада ойнайды, төрт тілде еркін сөйлейді, каратеден чемпион болғанын, футбол мен жүзуді меңгергенін, жазғы демалыста өз еңбегімен шамамен бір миллион теңге тапқанын және қазақ тілінде таза сөйлейтінін мақтан тұтатынын айтты.
“Мен 12 жастамын. Менің жетістіктерім 14 сіздің жетістігіңізден кем емес, тіпті одан да жоғары деп ойлаймын. Мен ақылы дайындық курстарына барған жоқпын, өйткені ауылдық жерде тұрғандықтан, үйде өз бетімше дайындалдым”, – деп жазды ол.
Тағы бір 13 жастағы қолданушы республикалық олимпиадада бірінші орын алғанын, қазақ тілінде еркін сөйлейтінін, көп кітап оқитынын, ағылшын тілін дамытып жүргенін, алты тіл білетінін және спортпен айналысатынын жазды.
Желі қолданушысы Сара болса, ауыл қыздарының жетістіктерін алға тартты. Оның сөзінше, ауылдағы қыздар НЗМ-де оқиды, тігін тігеді, спорттық жарыстарда жүлде алады. Ол Айарудың сөзі оның жетістігін емес, тәрбиесі мен білім деңгейін көрсеткенін айтты.
12 жастағы тағы бір желі қолданушысы домбырада еркін ойнайтынын, қазақ тілінде таза сөйлейтінін және бірнеше тілді меңгеріп жүргенін жазды. Сондай-ақ республикалық ғылыми жобаларды қорғап, “Ең үздік ғылыми жоба” атағына ие болғанын және түрлі жарыстарда бірнеше рет бірінші орын алғанын айтты.
Тағы бір 12 жастағы оқушы облыстық екі олимпиадада бірінші орын, ал қазақ тілі бойынша республикалық олимпиадада үшінші орын иеленгенін жеткізді. Ол үш тілде сөйлейді, ағылшын тілін үйреніп жүр.
“Волейболға қатысамын, шахмат ойнаймын. Вокалға қатысамын және ең бастысы жүрегім қазақ деп соғады”, – деп жазды ол.
13 жастағы Айгерім де өз жетістіктерімен бөлісті. Ол дзюдо және күреспен айналысады, волейболға қатысады, футбол ойнап, би билейді. Сондай-ақ домбыра шертеді, сабақтан алған оннан астам дипломы бар. Үш тілде сөйлейтін Айгерім қазір қытай тілін де үйреніп жүр.
Тағы бір қолданушы 14 жасында республикалық химия олимпиадасынан екінші орын алғанын, ауылдан шыққанын және бүгінде 19 жасында облыстық әрі республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері атанғанын жазды.
Ал тағы бір пікірде желі қолданушысы 14 жастағы танысының жұмыс істеп, айына 200 мың теңге табатынын, жалақысын анасына беріп, болашақ оқуына ақша жинайтынын, сондай-ақ нан мен тоқаш пісіретінін мысал ретінде келтірген.
Ал Ғалия есімді қолданушы 14 жастағы қызы қатарластарын тестке дайындайтынын айтқан.
“Менің қызы 50 шақты адамды тестке дайындайды, бес тіл біледі. Не болыпты?” – деп сауал қойды.
Тағы бір пікірде қолданушы:
“Бұл қыздың айтып тұрғаны жетістік емес, бұл – хобби. Жетістік деген – белгілі бір іспен танылып, өзіңді ғана емес, туған жеріңді де таныту”, – деп жазды.
44 жастағы Жания есімді желі қолданушысы бұл жағдайға әзіл аралас көзқарасын білдірді. Ол бір күйеуі, үш баласы, үйі, пәтері, көлігі мен кәсібі барын, қазақ және орыс тілдерін меңгергенін, ал домбыра тартуды, жүзуді және ән айтуды аздап қана білетінін жазды. Сондай-ақ жастардың түрлі қабілетіне сүйсініп отырғанын айтып, болашақта мықты азамат болу үшін бала кезден жан-жақты дамудың маңызын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Айару Тұрсынбекқызының бұл пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді. Көпшілік ауылдан шыққан адамдарды төмендетуге болмайтынын айтып, Айарудың сөзін орынсыз әрі әдепке жат деп бағалады.
Пікір білдірушілердің бірі Тұрсынбек Қабатовтың өзі де ауылдан шығып, таланты мен еңбегінің арқасында танылғанын еске салды. Олар Айарудың бүгінгі мүмкіндіктеріне ата-анасының еңбегі мен танымалдығы да әсер еткенін айтып, өз жетістігін өзгелерден жоғары қою дұрыс емес екенін жеткізді.
“Қазақстанда ауылдан шығып, ғылымда, білімде, өнерде және спортта үлкен жетістікке жеткен азаматтар өте көп. Коньки тебу, футбол ойнау немесе би билеу – өзгені кемсітуге себеп емес”, – деп жазды желі қолданушылары.
Тағы бірқатар оқырман Айарудың әлі жас екенін айтып, оның көзқарасы отбасындағы тәрбие мен қоршаған ортаның ықпалымен қалыптасатынын атап өтті. Дегенмен көпшілік ата-анасы қызына елді мекеніне немесе әлеуметтік жағдайына қарап адамды бөлуге болмайтынын түсіндіруі керек деп есептейді.
Тағы бір пікір білдіруші ауылдан шыққан жастардың жетістігі мысалға келтірді. Оның сөзінше, орыс тілінде сөйлеу немесе өзін қалалық адам ретінде көрсету ешкімді өзгеден жоғары етпейді. Керісінше, ана тілінен алыстау адамның беделін түсіреді.
“Әсел Амангелді Арыс ауылынан шығып, бүгінде Гарвардта сабақ береді. Ауылда футболды екінің бірі ойнайды, би билейтін балалар да көп. Сонда сенің олардан қандай айырмашылығың бар?” – деп жазды оқырмандардың бірі.
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына берілген 20 миллион теңгені кім алды: Әкімдік жауап берді
Оқыңыз