Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралдағы түнгі клубта клиентті үш күзетші соққыға жыққан: Олар сотталғанымен, жаза туралы ақпарат жарияланбай қалды

Төбелес түнгі клуб
Фото: Желі кадрларынан скрин

Оралдағы түнгі клубтардың бірінде үш ер адам бір азаматты соққыға жыққан. Оқиға видеоға түсіп, күдіктілер сот алдында жауап бергенімен, олардың қандай жаза алғаны белгісіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Koza4kov Telegram арнасының мәліметінше, оқиға "The Bar" түнгі клубында болған. Видео кадрларында үш ер адам бір адамға жабылып ұрып жатқаны көрінеді. Айтылғандай, клуб күзетшілері Дамир Бекчурин, Алиби Теміртасов және Роман Ермеков клиентті бір сағаттан астам уақыт бойы соққыға жыққан.

“Кейін үшеуі де ұсталып, сотқа тартылған. Алайда дереккөздің айтуынша, қазір олар қалада еркін жүр. Оларға шартты жаза тағайындалған деген ақпарат бар. Шынымды айтсам, бұл жағдай мені таңғалдырды. Себебі бізде кейде мұндайдан жеңіл істер үшін де бірнеше жылға бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Сондықтан ақпаратты тексеру үшін Батыс Қазақстан облыстық сотының БАҚ-пен байланысқа жауапты мамнға хабарластым. Үш күзетшіге қандай жаза тағайындалғанын ғана сұрадым. Алайда мардымды жауап ала алмадым”, – деді журналист жазбасында. 

Оның айтуынша, Орал қалалық сотындағы процесс ашық өткен және барлық ақпаратты сот актілері базасынан көруге болатынын айтқан.

Мен базаны тексеріп көрдім, бірақ істің жабық тұрғанын байқадым. Алайда олар істің ашық екенін айтты. Бірақ қандай да бір себеппен жүйеде ашылмай тұрғанын жеткізді. Мәселені техникалық қолдау арқылы шешетіндерін айтты. Мен тағы да сот үкімімен таныстыруды немесе қандай жаза берілгенін хабарлауды сұрадым. Бірақ бұл жолы да нақты жауап ала алмадым. Батыс Қазақстан облысы соттарындағы мұндай құпиялылықтың себебін толық түсінбей отырмын. Еріксіз күмән туады, бірнеше адамның жабылып бір адамды ұрғаны үшін жеңіл жаза беріліп, енді бұл ақпаратты жария еткісі келмей жүрген жоқ па екен?”, – деп қосты журналист. 

Stan.kz тілшісі ақпараттың анық қанығын білу үшін БҚО облыстық сотымен тағы да байланысып көрді. Ведомство өкілдері қандай жаза тағайындалғаны туралы арнайы ресми жауап дайындалып жатқанын жеткізді. 

“Іс Сот кабинетінде техникалық ақауға байланысты уақытша көрінбей тұрған. Біз бұл мәселені анықтау үшін хабарласқаннан кейін техникалық ақау жойылды. Қазіргі уақытта іс бойынша барлық ақпарат Сот кабинетінде ашық түрде қолжетімді”, – деді облыстық сот өкілдері. 

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 01 Тамыз, 2026 10:00