Алматы облысында жанармай бекетін қарумен тонамақ болған екі күдікті ұсталды

Алматы облысының Талғар ауданында жанармай құю бекетіне қарулы қарақшылық шабуыл жасау әрекеті тоқтатылды. Күдікті екі азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы облысының Талғар ауданында жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасау әрекеті тіркелді. Беттерін тұмшалаған екі адам кассадағы қызметкерді шолақ мылтыққа ұқсас қарумен қорқытып, ақшаны тартып алмақ болған. Алайда бекеттегі күзетші олардың әрекетіне кедергі келтіріп, қылмыстың жүзеге асуына жол бермеген.
Оқиға нысан ішіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрлардан күдіктілердің бірі қолындағы пакетінен қару алып шыққаны байқалады. Кейін олар көлікпен оқиға орнынан қашып кеткен.
Полиция қызметкерлері бейнебақылау жазбаларының көмегімен күдіктілердің ізіне түсіп, оларды пәтерлерінің бірінен ұстаған.
Алматы облысы полиция департаменті Жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Арнат Сүлеймановтың айтуынша, күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
“Аталған факт бойынша қарақшылық шабуыл дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттерінің кешені жүзеге асырылады", – деді Арнат Сүлейманов.
Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық жігіт түрмеден қорқып, алаяқтардың нұсқауымен туған анасын тонап кеткенін жазған едік. Көкшетауда 21 жастағы жігіт телефон алаяқтарының арбауына түсіп, туған анасының құны 6,12 миллион теңге болатын 18 алтын бұйымын алаяқтарға беріп қойған еді. Алаяқтар өздерін байланыс операторы, eGov қызметкері және құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстырып, жігітті отбасы түрмеге қамалуы мүмкін деп қорқытып, бағалы заттарды көрсетілген жерге қалдыруға көндірген. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін
Оқыңыз