Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жігіт түрмеден қорқып, алаяқтардың нұсқауымен туған анасын тонап кеткен

Телефон ұстаған жігіт
Фото: istockphoto.com

Көкшетауда 21 жастағы жігіт телефон алаяқтарына алданып, анасының құны 6 миллион теңгеден асатын алтын бұйымдарын беріп жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 29 мамыр күні жәбірленуші жігітке өздерін ұялы байланыс компаниясының қызметкерлері деп таныстырған алаяқтар қоңырау шалып, қарапайым SIM-картаны ауыстыруды сылтау етіп, жігіттен SMS арқылы келген кодты алдап алған. 

Жеке деректерге қол жеткізген сәттен кейін схемаға келесі қатысушы араласып, өзін eGov порталының қызметкері ретінде таныстырған.

“Қоңырау шалған әйел жас жігітке оның үстінен алаяқтық әрекеттер жасалып жатқанын айтқан. Сондай-ақ "мүлікті декларациялау" үшін үйде бар құнды заттарды, соның ішінде зергерлік бұйымдарды да суретке түсіруді талап еткен. Бейтаныс адамға сенген қала тұрғыны барлық нұсқауларды орындап, алаяқтармен байланысын жалғастыра берген", – делінген полиция хабарламасында.

Ал келесі күні алаяқтық әрекетіне жалған құқық қорғау органы қызметкері қосылған. Классикалық қатаң психологиялық қысым әдісін қолданған алаяқ жігітті оның отбасының шоттары арқылы тыйым салынған ұйымдар қаржыландырылып жатыр деген мәлімдемемен шошытқан.

Алаяқ жас жігітті бүкіл отбасы 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін деген қауіп бар екеніне сендіріп, қатты үрейлендірген.

“Қорқыту мен қысымның әсерінде қалған жәбірленуші жігіт анасына тиесілі барлық алтын әшекейлерді жинап, оларды пакетке салып, алаяқтар көрсеткен үйге жақын жерге жасырған. Жалпы алаяқтарға 18 дана алтын бұйым берілген, олардың жалпы құны 6 120 000 теңгені құраған. Орындалған әрекеттерді растау ретінде жас жігіт алаяқтарға құнды заттардың қай жерде тұрғанын көрсететін бейнежазба да жіберген”, – делінген хабарламада.

Қылмыс тек 31 мамырда ғана әшкере болған. Сол күні жәбірленушінің анасы зергерлік бұйымдардың жоғалғанын байқап, үйде ұрлық болған болуы мүмкін деп күдіктеніп, полицияға жүгінген. Тексеру барысында ұлының мұқият жоспарланған интернет-алаяқтықтың құрбаны болғаны анықталды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Еске салсақ, бұған дейін бас прокуратура 2025 жылы интернет алаяқтар көп қолданған бес тәсілді атаған еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 02 Маусым, 2026 22:28