Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әдейі елуден көп адамды өлтіргісі келген": Павлодарда ер адам көпқабатты үйдің дәлізіне жанармай шашып, өртемек болған (видео)

 

өртемек болған ер адам
Фото: Видеодан скрин

Павлодарда ер адамның көпқабатты үйдің кіреберісін бензинмен өртемек болғаны туралы видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары мұндай әрекетке жай бұзақылық ретінде емес, ондаған адамның өміріне қауіп төндірген ауыр қылмыс ретінде құқықтық баға берілуі керек деп есептейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде Павлодарда болған оқиға қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушыларының мәліметінше, белгісіз ер адам таңсәріден тұрғын үйге бензин құйылған канистрмен келіп, көпқабатты үйдің кіреберісін әдейі өртемек болған. Видеодан ер адамның кіреберістегі еденге және қарсылық көрсеткен тұрғындардың біріне жанармайды төккенін көруге болады. Бұдан қалды, ол ер адамды канистрмен басынан ұрған. 

Желі қолданушылары оны тек ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатқанына таңданыс білдірген.

Көпшілік күдіктінің әрекетін жай ғана бұзақылық емес, адамдардың өміріне қауіп төндіретін ауыр қылмыс ретінде бағалау қажет деп санайды.

"Террорлық әрекетке оқталу енді әкімшілік құқық бұзушылық болып қалған ба?", "Қазақстан ғой...", "Әдейі 50 немесе одан да көп адамды өлтіргісі келген. Сұмдық қой", "Мынаны түрмеге жабу керек", "Қаласа бірнеше баппен жауапқа тартуға болады. Ұсақ бұзақылық деген полицияның әзілі ме?", "Адамның өмірі мен денсаулығына қастандық жасау қашаннан бері әкімшілік құқық бұзушылық болып қалды?", "Бұл адам өлтіруге оқталуға қатты ұқсайды. Психиатриялық ауруханаға жіберу керек", – деп жазған оқырмандар.

Оқиғаға қатысты Павлодар облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.

Ведомствоның мәліметінше, құқық бұзушының жеке басы анықталып, ол ұсталған.

"Құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол ұсталып, жауапкершілікке тарту үшін сот органына жеткізілді", – деп хабарлады полициядан.
Айым Атамбаева
Сейсенбі, 02 Маусым, 2026 18:22