Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сотта Қайрат Сатыбалдыұлы активтерінің сомасы айтылды: Ол екінші рет кінәсін толық мойындады

Астана қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотында Қайрат Сатыбалды ісіне қатысты негізгі сот отырысы кезінде ол кінәсін толық мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот отырысынан скрин

Қайрат Сатыбалдыға қатысты жаңа қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдалым Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында басталды. Мемлекеттік айыптаушы Елдар Нұрмаханов тергеу нұсқасы бойынша Қайрат Сатыбалды "TexAlliance" ЖШС-нің көмегімен ақша жылыстатқанын хабарлады.

"Сатыбалдыұлы 2018 жылдан 2022 жылға дейін қылмыстық жолмен алған қаражатын жылжымайтын мүлік объектілерін алуға не салуға (оның ішінде шетелде), Қазақстандық және шет мемлекеттердің банк шоттарына ақша салу, бағалы қағаздарды сатып алу үшін пайдаланған", – деп нақтылады мемлекеттік айыптаушы.

Айыптау қорытындысы бойынша тұңғыш президенттің жиені заңдастырып алған ақша есебінен жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алған:

  • Қазақстанда – жалпы сомасы 34 млрд 853 млн 900 мың теңгеге;
  • Ресейде – 840 572 948 рубльге, ҚР Ұлттық Банкінің бағамы бойынша – 4 млрд 202 млн 864 740 теңге;
  • Біріккен Араб Әмірліктерінде – 162 млн 150 мың дирхамға, яғни 20 млрд 413 млн 63 мың теңгеге;
  • Францияда – 8 млн 300 мың еуро немесе 4 млрд150 млн теңгеге; 
  • Түркияда – 65 млн 237 мың лира немесе 4 млрд 25 млн 375 451 теңгеге. 

Сатып алынған мүліктің жалпы сомасы — 67 млрд 655 млн 203 758 теңге.

"2018 жылдың 1 қаңтары мен 2022 жылдың 10 ақпаны аралығында Қайрат Сатыбалды “Көлік сервис орталығы" активтерін ұрлау, кедендік және бюджетке төленетін өзге де төлемдерден жалтару және “Қазақтелеком" АҚ мүліктік залал келтіру кезінде алынған ақшаны заңды айналымға енгізді ("жылыстатты"). Жалпы сомасы 82 млрд 446 млн 658 мың 785 теңгеге қаражат жария етілді", деп нақтылады мемлекеттік айыптаушы.

Қайрат Сатыбалдыұлына ҚР ҚК 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру" бойынша айыбы тағылды.

"Айыптаудың мәні түсінікті. Мен кінәні толық мойындаймын. Мен сомалармен келісемін, дауласпаймын", – деп мәлімдеді сотта Қайрат Сатыбалды.

Сондай-ақ, ол тергеу барысында оның конституциялық құқығы бұзылмағанын атап өтті. Оның адвокаты Ашурбек Ашурбеков “кінәсін мойындау және заңсыз сатып алынған активтерді қайтару туралы келісім жасау қазіргі қаралып жатыр”, деді 

Судья отырысты белгісіз мерзімге дейін кейінге қалдыру туралы қаулы шығарды, өйткені прокурор мен Сатыбалды арасында іс жүргізу келісімін жасасу мәселесі қарау сатысында тұр.

Бұған дейін Сатыбалды мемлекетке 732,8 млрд теңгені қайтарды. 

Айта кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына Қайрат Сатыбалдыға қатысты қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру (жылыстату) туралы іс түсті.

"Бұл ақшаға Қайрат Сатыбалды әртүрлі мүлік сатып алды. Оның ішінде шетелде де ақшаны Қазақстан мен шетелдегі банктік шоттарға орналастырды", – делінген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында. 

Агенттік Сатыбалдаға қатысты салық төлеуден жалтарғаны үшін тағы бір тергеуді жалғастыруда. Ол әлі біткен жоқ.

Талқылау