Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттегі "Жұлдыз" индустриалды аймағы теміржол инфрақұрылымымен қамтылды

Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Шымкент қаласындағы "Жұлдыз" индустриалды аймағында орналасқан өнеркәсіптік кәсіпорындарға қызмет көрсетуге арналған тұйықталған теміржол желісінің құрылысы аяқталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков атқарылған жұмыстың нәтижесімен танысты.

Теміржолдың жалпы ұзындығы 6,4 шақырымды құрайды. Сонымен қатар, мұнда теміржол төсемін салумен қатар, асфальт жабыны толық қалпына келтірілді.

Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Еске сала кетейік, Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика инфрақұрылымын дамытудың, теміржол желісін кеңейтудің және жүк тасымалының тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өткен болатын.

"Жұлдыз" индустриалды аймағында теміржол желісінің салынуы осы міндеттерге сәйкес келеді және қаладағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың дамуында аса маңызды.

Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Жаңа инфрақұрылым шикізат пен материалдарды жеткізуді, дайын өнімді жөнелтуді жеңілдетіп, индустриалды аймақтың логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Теміржол өндірістік алаңның әлеуетті инвесторлар үшін тартымдылығын арттырып, жаңа өндіріс орындарын орналастыруға және қаланың өнеркәсіптік мүмкіндігін дамытуға қосымша жағдай жасайды.

Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Бұл теміржол желісі индустриалды аймақтағы кәсіпорындардың күнделікті жұмысын жүйелеуге мүмкіндік береді. Жүк тасымалының бір бөлігі теміржол арқылы жүзеге асқан жағдайда, өндіріс орындары қажетті шикізат пен материалдарды жеткізу және дайын өнімді жөнелту жұмыстарын осы инфрақұрылым арқылы ұйымдастыра алады.

Осылайша, жаңа желі кәсіпорындардың көлік қызметтерін пайдалану мүмкіндігін кеңейтіп, өндірістік үдерістердің үздіксіз жүруіне қолайлы жағдай қалыптастырады. Индустриалды аймақтың көлік қолжетімділігін жақсарту оның өндірістік әлеуетін толық пайдалануға да ықпал етеді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 21:05