Шығыс Қазақстанда металлургтерге құрмет көрсетілді

Шығыс Қазақстан үшін Металлургтер күні – жай ғана кәсіби мереке емес. Бұл – өңірдің өндірістік тарихына, кен өндірісі мен металлургия саласын өркендеткен еңбек адамдарына, сондай-ақ адам өмірін арашалау жолында ерлік танытқан жандарға көрсетілетін құрметтің айрықша күні.
Кенді Алтай – еліміздің жетекші индустриялық орталықтарының бірі. Өңірдің өндірістік әлеуетін айқындайтын басты салалардың бірі – металлургия кешені. Металлургтер күніне арналған салтанатты шарада Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сала өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, металлургияның облыс экономикасындағы стратегиялық рөліне тоқталды.
“Сала алдында өндірісті цифрландыру, заманауи технологияларды енгізу, экологиялық тиімділікті арттыру, шикізатты терең өңдеуді дамыту және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету секілді жаңа міндеттер тұр. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіпті дамытуға, инновацияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және еңбек адамын қолдауға ерекше мән беріп келеді. Металлургия саласы осы мемлекеттік басымдықтарды табысты жүзеге асырып отыр. Бүгінде өңірдің металлургиялық кәсіпорындары өндірісті жаңғыртып қана қоймай, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізіп, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуда”, – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөзінде.

Өңір басшысы металлургия саласының ардагерлеріне де ерекше алғыс білдіріп, олардың өндірістің берік іргетасын қалап, жинақтаған мол тәжірибесін жас буынға аманат еткенін атап өтті. Сондай-ақ металлургтердің кәсібилігі, жауапкершілігі мен өз ісіне адалдығы Шығыс Қазақстан өнеркәсібінің әрі ел экономикасының тұрақты дамуының басты кепілі екенін айтты.
Биылғы мерекелік іс-шара алғаш рет күрделі жөндеуден өткен "Восток" стадионында өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа алаңның таңдалуына жаңғыртылған нысанның мүмкіндігі мен сыйымдылығы себеп болған. Стадионды жаңарту жұмыстарына "Қазцинк" компаниясы да қолдау көрсетіп, заманауи жарықтандыру жүйесін орнатуға үлес қосты. Енді мерекелік алаң бір мезетте сегіз мыңға жуық адамды қабылдай алады.

Салтанатты жиын еңбек адамдарын марапаттау рәсімімен басталды. Облыс әкімінің атынан "Казцинк" компаниясының бірқатар қызметкері Алғыс хаттармен марапатталды.
Өз кезегінде компанияның бас директоры Жанат Жанботин әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, металлургтердің күнделікті еңбегі кәсіпорынның ғана емес, тұтас өңір өнеркәсібінің дамуына негіз болып отырғанын атап өтті.
“5 мамыр күні болған оқиға біз үшін ерекше сынақ болды. Бұл күні ұжымның бірлігі мен бір-біріне деген қамқорлығының маңызын түсіндік. Құтқарушылар қызметіне ерекше алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ адамдардың қауіпсіздігі оларға деген көмек көрсетуде ерлік танытқан жандарды да атап өту керек. Сіздердің кәсіби қабілеттеріңіз, жанкештіліктеріңіз ерекше мадаққа лайық. Металлургтер күнінде әрбір қызметкерге еңбек, жауапкершілік және зейінді қызмет үшін алғыс білдіреміз. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында компания қызмет етіп, болашаққа нық сеніммен қарап отыр”, – дейді компания бас директоры.

Салтанатты жиында биылғы 5 мамырда болған қайғылы оқиға кезінде кәсіпорын қызметкерлерінің өмірін сақтап қалу үшін жанқиярлықпен еңбек еткен құтқарушылар, дәрігерлер және апаттық-құтқару қызметінің мамандарының еңбегі бағаланды. "Казцинк" компаниясы апат салдарын жою кезінде ерлік танытқан жандардың әрқайсысына компания атынан 1 миллион теңгеден сыйақы табыстады.
Оқиға болған күні алғашқы медициналық көмек көрсетуге асыққан мамандардың бірі Қорғасын медициналық пунктінің меңгерушісі Екатерина Пикулина. Оның айтуынша, төтенше жағдайда ең маңыздысы – уақытылы әрі кәсіби әрекет ету.
“Мұндай сәтте ең маңыздысы – кәсіби дайындық пен тәжірибе. Дәл осындай жағдайда маманның білімі мен машығы шешуші рөл атқарады. Қалғанының бәрі – жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе. Сондықтан ең бастысы – ешнәрсеге алаңдамай, белгіленген медициналық стандарттарға сай барлық әрекетті мүмкіндігінше тез орындап, науқасты қысқа уақыт ішінде мамандандырылған медициналық көмек көрсетілетін мекемеге жеткізу”, – дейді маман.

Мерекелік бағдарлама концертпен қорытындыланды. Сахнада Мирас Жүгінісов, "Мадагаскар" және "Банд'Эрос" топтары өнер көрсетіп, металлургтер мен қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды