Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да екі жұмысшы кәріз құдығына түсіп, есінен танып қалған (видео)

Кәріз құдығы
Фото: Видеодан скрин

ШҚО-да екі жұмысшы кәріз құдығына түсіп, есінен танып қалған. Оларды полиция қызметкері құтқарып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлан ауданында "Молодежный" КМК-нің екі қызметкері Қасым Қайсенов кентіндегі №11 үйдің маңында кәріз құбырларын тазалау жұмыстарын жүргізген.

Жұмыс барысында жұмысшылардың бірі кәріз құдығына түсіп, есінен танып қалған. Әріптесіне көмектеспек болған екінші жұмысшы да құдыққа түсіп, есін жоғалтқан. 

Оқиғаны сол маңнан өтіп бара жатқан полиция қызметкері Әсет Нағашбаев байқап, дереу учаскелік полиция инспекторын Нұрдәулет Тетеповке хабар берген.

Полицейлер
Фото: ШҚО ПД, Әсет Нағашбаев пен Нұрдәулет Тетепов

Оқиғаға орнына жеткен инспектор беліне арқан байлап, кәріз құдығына түскен. Полицей санаулы минут ішінде алдымен бір жұмысшыны, кейін екіншісін шығаруға көмектескен.

Құтқарылған екі азамат жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.

Еске салсақ, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында егістіктерді химикаттармен дәрілеу кезінде 46 жастағы жұмысшы көз жұмғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2026 20:32