Түнде көшеде жүрген балаларды күшпен ұстаған қазақстандық полицейлер көпке жақпай қалды: Бұл қаншалықты заңды
Әлеуметтік желіде кәмелеттік жасқа толмаған балаларды күштеп ұстап тұрған полиция қызметкерлерінің бейнеролигі тарады. Желі қолданушылары бірі полиция қызметкерлерінің ісін дұрыс деп санаса, бірі балаларға сонша күш қолдану әбестік деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Бұндай жаста 23:00-ден кейін үйде болуы керек немесе ата-анамен жүру керек. Заңды сақтайық. тұрғындар”
“Ал олар кешкі 11-ден кейін көшеде не істейді? Мен олардың көшеде ұсталғанына сенімдімін, олар заңды бұзғанын, ата-анасына қоңырау шалу керектігін және т.б. байсалды түрде айта бастады. Ал балалар айқайлап, жылап, қашуға тырысты. Қашу әрекеті — қылмыстық құқық бұзушылық. Полицей бұдан басқа не істей алады? Бұздың ба? Жазаны қабылда”
“Олардың күш қолдануға хақылары жоқ”
“Полиция қызметкерлерін күш қолданғаны үшін жазаға тарту керек” сынды пікірлер жазлды.
Бейнероликте қала тұрғыны екі полиция қызметкерінің балаларды қинап ұстап, жібермей тұрғанын көруге болады. Кәмелеттік жасқа толмаған қыз полиция қызметкеріне ерегісіп жерге жатып алған. Олардың жасы 10 және 12-де. Бейнероликтің авторы полициядан оларды жіберуін сұрап жатқанын көреміз.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 17 тамыз күні түнгі уақытта Астана қаласының Сарыарқа ауданында полиция қызметкерлері ересектердің еріп жүруінсіз жүрген 10 және 12 жастағы екі кәмелетке толмаған баланы анықтады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полицейлер заңда көзделген шараларды қабылдады: кәмелетке толмағандардың жеке басын анықтап, полиция бөлімшесіне жеткізу және заңды өкілдеріне тапсыру қажет болды.
“Жеткізу барысында 12 жастағы қыз полиция қызметкерлерінің талаптарына қарсылық көрсетіп, жерге жатып алып, жылай бастаған. Дәл осы сәтті жанынан өтіп бара жатқан әйел бейнежазбаға түсірген. Алайда жарияланған бейнежазбадағы үзінді оқиғаға дейінгі жағдайлар мен полиция қызметкерлерінің әрекет ету себептерін толық көрсетпейді. Оқиға орнына қыздың анасы шақырылды. Екі баланың да ата-анасы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Кәмелетке толмағандардың ата-аналарынан полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты қандай да бір арыз немесе шағым түскен жоқ”, – деп жауап берді полиция департаменті.
Сондай-ақ департамент ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды қызметіне араласуға жол берілмейтінін ескертті. Мұндай талаптар, ең алдымен, балалардың өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғаннын мәлімдеді.
Заңгер не дейді?
Бұл заң тұрғысынан қаншалықты дұрыс, заңгер Шыңғыс Сейфулла жауап берді. Айтуынша, бұл жерде мәселені эмоцияға берілмей, екі бөлікке бөліп қарау керек.
“Біріншіден, полицияның балаларды тоқтатуының өзі заңды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған баланың түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүруіне жол берілмейді. Сондықтан полиция мұндай баланы көріп, жай ғана өтіп кете алмайды. Оның кім екенін анықтап, ата-анасымен немесе заңды өкілімен байланысып, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс”, – деп жауап берді заңгер.
Алайда заңгердің сөзінше, қазақстандық заң полицияға белгілі бір жағдайларда дене күшін қолдануға мүмкіндік береді. Бірақ бұл полиция қызметкері кез келген жағдайда баланы күштеп сүйреп, көлікке отырғыза алады деген сөз емес.
Сондай-ақ заң бойынша полиция қызметкерлері рейд кезінде 23:00-ден кейін кәмелетке толмаған балаларды көрген жағдайда не істеу керек екенін де тілге тиек етті. Айтуынша, полиция қызметкері ең алдымен баланы тоқтатып, оның жеке басын, жасын, қайда тұратынын және ата-анасы немесе заңды өкілі кім екенін анықтауға әрекет етуі керек. Одан кейін ата-анасымен немесе заңды өкілімен байланысып, баланы қауіпсіз түрде соларға тапсыру мәселесін шешуі қажет.
“Бұл жерде бір нәрсені түсіну керек: түн ортасында көшеде жүрген 10 немесе 12 жастағы баланы полиция "бізге бағынбады" деп сол жерде қалдырып кете алмайды. Өйткені полицияның міндеттерінің бірі – сол баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Егер бала полицияны көріп қашып кетсе, жағдай одан да күрделене түседі. Полиция оны жай ғана жібере салмайды. Оның артынан барып, тоқтатуға құқылы. Бірақ бұл жерде де қолданылатын шара баланың жасына, мінез-құлқына, оның өзіне немесе басқа адамдарға қауіп төндіріп-төндірмеуіне сәйкес болуы керек. Мысалы, 12 жастағы қорқып, жылап тұрған бала мен полицияға шабуыл жасап жатқан ересек адамның жағдайын бірдей бағалауға болмайды. Заң қызметкерге дене күшін қолдануға белгілі бір жағдайларда құқық береді. Бірақ мұндай күш қажетті әрі жағдайға сай болуы керек. Мүмкіндік болған кезде полиция қызметкері күш қолданатыны туралы алдын ала ескертуге және өзінің талабын орындауға уақыт беруге тиіс”, – деп заңгер пікір білдірді.
Сөз соңында заңгер нақты бейнеролик бойынша да екі тараптың заң бұзушылықтары туралы айтты. Заңгердің сөзінше, әрине балалар жағынан нақты көрініп тұрған жағдай, олардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүргені. Бірақ мұндай жағдайда жауапкершілік 10 және 12 жастағы балалардың өздеріне емес, олардың заңды өкілдеріне қатысты туындайды.
Ал полицияның іс-әрекетіне қатысты ең маңыздысы, полиция қызметкерлерінің бейнежетондарындағы толық жазбаны алу. Сол жазбадан балаларға бастапқыда не айтылғанын, полицияның қандай талап қойғанын, балалардың қалай әрекет еткенін, ата-анасына қоңырау шалуға мүмкіндік берілген-берілмегенін, қыздың не себепті жерге отырғанын және физикалық күш қолдануға дейін қандай жағдай болғанын көруге болады.
Намаз оқып, қызды салауатпен ұзатқан: Қазақстандықтар арасында тойдағы әрекет талқыға түсті (видео)