Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесін өткізіп, сирек кездесетін металдар қорын тиімді пайдалануды тапсырды

Қауіпсіздік кеңесі
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Тоқаев Қазақстанның аса маңызды минералдар, соның ішінде сирек кездесетін металдар саласындағы әлеуетін тиімді пайдалануды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қазақстан ресурс және өндіріс әлеуеті жағынан Орталық Азияда көш бастап тұрғанына назар аударып, мұны мемлекет мүддесіне пайдалану қажеттігін атап өтті.

“Қазба байлығы мол елдер үшін әлемдегі қазіргі ахуал тиімді әрі бірегей мүмкіндіктерге жол ашып отыр”, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қазір әлемде маңызды шикізат пен материалдарға қол жеткізу үшін елдер арасындағы бәсекелестік күшейіп келеді. Бұл ресурстар жоғары технология салаларын дамыту үшін маңызды. Сондықтан Қазақстан өзіндегі табиғи ресурстар мен өндірістік мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өндіріс тізбегін одан әрі дамытуы қажет.

Жиында Үкімет мүшелері саладағы қазіргі жағдай, минерал қорларын игеру жоспары, шикізатты қайта өңдеу және осы бағыттағы негізгі мәселелер туралы баяндады.

Отырыс соңында Үкімет пен жауапты мемлекеттік органдарға геологиялық барлау мен өндірісті дамыту, шикізатты өңдеуді күшейту, жаңа ресурстарды айналымға қосу, зертханалар мен мамандар базасын нығайту және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша бірқатар тапсырма берілді.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2026 15:54