"Мен ғашық болдым": Блогер Маркиза Еркебұлан Тоқтармен қарым-қатынасын растады
Көпшілікке Маркиза лақап атымен танымал блогер Дарья Родгорная Еркебұлан Тоқтармен қарым-қатынаста екенін растады. Ол Аман Тасығанға берген сұхбатында актермен қалай танысқанын және араларындағы сезімнің қалай басталғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның сөзінше, екеуі Instagram арқылы танысқан. Алғаш болып Еркебұлан жазып, гүл жіберген.
Дарья бастапқыда оның кім екенін де білмегенін жасырмады. Еркебұланның парақшасына кіргенде ғана миллиондаған оқырманы барын көріп, таңғалған.
“Одан “Сен соншалықты танымал екенсің, өзің кімсің?” деп сұрадым. Ол менің өзін танымайтыныма таңғалды. Шынымен де, ол кезде Еркебұланның кім екенін білмейтінмін”, – дейді Маркиза.
Кейін Еркебұлан оны кездесуге шақырғанымен, Дарья бірден келісе қоймаған. Тіпті жігітке өзін сөзбен емес, ісімен көрсету керегін айтқан.
“Ол менен “Саған қалай көңіл бөлуім керек, өзің айтшы” деп сұрады. Мен “Сені үйретуге міндетті емеспін. Ересек адамсың, өзің түсінерсің” дедім. Содан кейін біраз уақыт сөйлеспей кеттік”, – деп еске алды ол.
Арада бірнеше ай өткенде Еркебұлан қайтадан хабарласып, кездесуге шақырған. Бұл жолы Дарья келісімін берген. Алайда алғашқы кездесулерінің өзі оңай болмапты: бойжеткен белгіленген уақытта ұйықтап қалып, кездесуге бара алмаған. Соған қарамастан, Еркебұлан бір аптадан кейін тағы да ұсыныс жасаған.

Үшінші талпыныстан кейін ғана екеуінің алғашқы кездесуі өткен. Дарьяның айтуынша, сол кеш оның Еркебұлан туралы ойын түбегейлі өзгерткен.
“Ол өзін өте сыпайы, қамқор адам ретінде көрсетті. Есік ашып береді, жағдайыңды ойлайды, тамақтандырады. Мен қатты таңғалдым. Өйткені Instagram-дағы парақшасына қарап, оны мүлде басқаша елестеткен едім”, – дейді ол.
Маркизаның сөзінше, алғашқы кездесудің өзі ерекше әсер қалдырған. Екеуі сегіз сағаттай бірге болып, ұзақ әңгімелескен. Қаланы аралап, Еркебұланның бургер сататын орнына да барған. Дарья сол күні-ақ жігітке көңілі ауғанын айтады.
“Бәрі сондай шынайы өтті. Тіпті бала кездегідей ішіңде көбелек ұшқандай сезім болды. Мен ғашық болдым. Оның да сезімі оянғанын байқадым. Бір-бірімізден ажырағымыз келмей, сағаттап сөйлестік”, – деді Маркиза.
Осы кездесуден кейін екеуі күн сайын сөйлесіп, жиі көрісе бастаған.
Ал екеуінің қарым-қатынасы көпшілікке кездейсоқ тарап кеткен. Дарьяның айтуынша, олар бұған дейін де ел көп жүретін жерлерде бірге отырған. Бір күні Еркебұлан жұмыстан, ал Дарья жаттығудан кейін кездесіп, түскі ас ішкен. Сол сәтте оларды біреу суретке түсіріп алған.
Маркиза бұл жағдайға қатты ренжігенін айтады. Себебі ол жеке өмірін жұрт алдына шығарғысы келмеген.
“Мен үшін қарым-қатынас – екеуара, жеке дүние. Еркебұланды Instagram-дағы оқырманымды көбейтетін мүмкіндік немесе ақпараттық себеп ретінде қабылдаған жоқпын. Ол маған ер азамат ретінде ұнады, мен үшін маңызды адам болды”, – дейді Дарья.
Ол Еркебұланға да оның танымалдығын пайдаланып, елге көрінгісі келмейтінін бірден айтқан. Кейін екеуі бірге демалысқа шыққан кезде ғана көпшіліктің қызығушылығына жеңілірек қарай бастапты.
Еркебұланның бұрынғы сөзі жұрттың талқысына түскен
Қарым-қатынас жария болған соң әлеуметтік желіде екеуін қызу талқылағандар көбейген. Бұған Еркебұлан Тоқтардың бұған дейін болашақ жары туралы айтқан пікірі де себеп болған.
Дарьяның сөзінше, ол Еркебұланның сұхбаттарының бірінен болашақ жарының қарапайым әрі жабық киінгенін қалайтыны туралы үзінділерді көрген. Ал Маркизаның әлеуметтік желідегі образы бұған мүлде сәйкес келмейтіндей көрінгендіктен, жұрт арасында түрлі пікір туған.
“Адамдар алдымен бір нәрсе айтып, кейін басқаша әрекет еткенін көргенде таңғалады. Менің Instagram-дағы суреттерімнің арасында ашық киіммен, суға түсуге арналған киіммен түскен фотолар да бар. Бірақ адамдар блогерлердің де қарапайым адам екенін ұмытып кетеді. Адамның көзқарасы өзгеруі мүмкін, дүниетанымы кеңейеді. Меніңше, оның да кейбір мәселеге көзқарасы өзгерген. Мұнда тұрған ештеңе жоқ”, – деді ол.
Дарья Родгорная сұхбат барысында Еркебұланмен арадағы байланыстың көпшілік ойлағандай әдейі жасалған хайп емес екенін де атап өтті. Оның айтуынша, бұл қандай да бір жоба немесе аудитория жинаудың амалы емес, шынайы сезімнен басталған қарым-қатынас.
"Домбыра – харам, Наурызды тойлауға болмайды": Қоғамды дүрліктірген діни уағыздар және оған ҚМДБ не дейді