Сот Қашаған кен орнының операторынан 3,5 миллиард теңге өндіріп алды
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Қашаған кен орнының операторы "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." филиалынан газды шамадан тыс өртегені үшін 3,5 миллиард теңге өндіру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: "Техносервис груп" ЖШС Facebook парақшасынан
Сотта Энергетика министрлігі жауапкердің мұнай-газ кешеніндегі қызметіне кешенді тексеру жүргізгені анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша Қашаған кен орнында көмірсутектер мен көмірсутекті емес газдардың көпкомпонентті қоспасын шектен тыс рұқсатсыз жағу фактілері анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
“"Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." филиалы ӘҚБтК-нің 356-бабының 3, 5-бөлігінде (Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу қағидаларын бұзу) көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен филиалдың шағымы қанағаттандырусыз, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы өзгеріссіз қалдырылды. Осылайша, Қашаған кен орнында шикі газды шектен тыс жағу фактісі анықталды”, – делінген сот хабарламасында.
Сондай-ақ сот жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі талаптарды бұзу нәтижесінде келтірілген залалдың мөлшері мемлекетке келтірілген залалдың әділ өтелуін қамтамасыз етуге бағытталған ережелер, "Көмірсутектерді барлау және өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі талаптарды бұзу нәтижесінде келтірілген залалдың мөлшерін айқындау қағидаларымен" айқындалғанын атап өтті.
“Заңда жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманың талаптарын бұзу немесе жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығы салдарынан келтірілген зиянды өтеу міндеті көзделгенін ескере отырып, сот уәкілетті мемлекеттік органның талап қоюын қанағаттандырды. Шешім заңды күшіне енген жоқ”, – деп қосты сот өкілдері.