Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкесімен соңғы рет тілдесіпті": Қаңтар жетім еткен сәбилердің тағдыры

Еліміздің бірнеше қаласында Қаңтар оқиғаларынан кейін қаза тапқан азаматтардың отбасыларында балалар дүниеге келді. Қаралы күндерден хабарсыз сәбилердің дүние есігін ашуы қайғыдан желініп, сағыныштан сарғайып отырған артында қалған жақындарына медеу болғандай еді. Қасіретті қаңтар жетім еткен сәбилер жайлы баяндаймыз. 

Айсұлтан

Асылбеков

Нұрлыбек Асылбеков отбасымен бірге

Айсұлтан қаңтар оқиғасынан кейін дүниеге келген. Оның әкесі Нұрлыбек Асылбеков 5 қаңтар күні Шымкент қаласында алаңда оқ тиіп қаза тапқан. Дәрігерлер туыстарына азаматтың ауруханаға клиникалық өлім күйінде келгенін айтқан. Қапыда қаза тапқан азаматтың жақындары соңғы сөзін айта алмай кетті деп қайғырады.

Нұрлыбек 1981 жылы туған. Әйелі Рысты Дәуірбаева екеуінің екі қыз, бір ұлы бар. Әйелі күйеуінің алаңға ойда жоқта барғанын айтады. Ол бажасы екеуі тамақтануға барып, көшеде болып жатқан шуды көрген соң алаңға беттеген.

"Сол күні түнгі сағат 10 шамасында алаңға барған. Бажасының үйінің алдында адамдар жиналып тұрады, солармен сөйлесіп, не болып жатқанын көру үшін ілесіп кеткен. Бұл уақытта алаңнан қатты шудың даусы шығып жатқан еді. Күйеуім барып көрейік деп қояр да қоймапты", - дейді Рысты Дәуірбаева.

Нұрлыбек алаңға барғаннан кейін бірнеше жігітпен танысады. Оның туған жері Жетісай қаласы болған, танысқан жігіттер сол жақтан болып шығады. Сосын ол жігіттермен бірге көптің арасына қосылып кетеді. 

Осы кезде алаңға бірге барған бажасы екеуі ажырап, бір-бірін таппай қалады. Ол Нұрлыбекті іздеп алаңда түнгі 12-ге дейін жүреді, арасында көліктің жанына барып келгенін айтқан. Осы уақытта атыстың даусы естіліп, барлығы жан-жаққа қаша бастайды. 

"Бұл уақыттың ішінде жолдасымның қайда болғаны, не істегені белгісіз. Ол да атыстан қашқан шығар...", - дейді әйелі.

Сол түні Нұрлыбек телефонынан қаңтардың бесінен алтысына қараған түні сағат 2-лер шамасында әйеліне қоңырау шалған.  Бірақ ол ұйықтап жатып, жауап бере алмаған. Телефон шалған азаматтың қазасын жеткізбек болған дәрігерлер еді.

Олар Алматыдағы Нұрлыбектің әкесіне қайғылы хабарды жеткізіпті. Әйелі суыт хабарды азанда естіген. Ол түнде күйеуінің телефонынан қоңырау келгенін көргеннен кейін жаман ой мүлдем ойламағанын айтады. Қайта қоңырау шалғанда дауыс барып тұрғанын көріп, бажасының үйінде ұйықтап жатқан болар деп  ойлаған.

"Күйеуім телефонындағы соңғы видеосын түнгі сағат 12:22-де түсірген екен. Ал ауруханада қалтасындағы заттарын сағат 1:09-да тіркеген. Дәрігерлер бірақ күйеуімнің клиникалық өлім күйінде келгенін айтты. Біздің үйіміз қаланың кіреберісінде, ал митинг әкімдіктің алдында болған. Бізге тіпті естілген де жоқ", - дейді әйел.

Оқ азаматтың сол жақ шатына тиіп, күре тамырын үзіп жіберген. Дәрігерлер оқтың ішкі құрылысының барлығына зиян келтіргенін айтқан.

Отбасы өмірі

Нұрлыбек бұзылған көліктердің бөлшектерін сатумен айналысқан. Қара жұмыс істеп отбасын асыраған. Әйелі Рысты Дәуірбаева сол күні күйеуімен ілесіп бармағанына өкінеді.

"Әлі күнге дейін неге сол күні бірге еріп бармадым деп өкінемін, мүмкін мен болғанда алаңға бармас еді", - деп еске алады ол. 

Әйелдің айтуынша күйеуін басында "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыптаған. Бірақ кейін дәлелдің жоқ болуына байланысты ақтаған. 

Ол алаңда жүріп халықтың алдына шығып сөйлеген. Нұрлыбек "Тынышталыңдар, ешнәрсені бүлдірмеңдер" деп халықты тыныштандыруға тырысқан екен. Бұл сөздері қалта телефонындағы видеоға жазылып қалған.

Азаматынан айырылған әйел Айсұлтанды шілде айында босанған. Қазақстан халқына қорынан 7 млн теңге бөлініпті. Отбасы бұрыннан пәтер жалдап тұрып келген, қазір де пәтер жалдап тұрады. 

Көмек қолын созам дейтін азаматтар мына нөмір арқылы қаражат жіберуіне болады.

Каспи нөмір 87029378181 Рысты. Д

Әлия

Салдаров

Серік Салдаров отбасымен бірге

Әлия қаңтар оқиғаларынан кейін шілде айында өмірге келген. Әкесі Серік Салдаров 5 қаңтар күні Шымкентте алаңда аяғына екі жерден оқ тиіп, көп қан жоғалтып қаза тапқан. Әйелі Арайлым Салдарова күйеуінің патриот азамат болғанын еске алып, алаңға өз еркімен шыққанын айтады. Ол күйеуін әділетсіздікке шыдай алмайтын еді, деп сипаттайды.

Әйелінің айтуынша Серік Салдаров 4 қаңтар күні митингке туған бауырымен қатысқан. Түні бойы атыс болып, бүкіл халық қашқан күні таңға таяу келеді. Келесі күні үйіндегілер оны алаңға барады деп ойламайды. Бірақ ол кешкі сағат 5 шамасында үйінен шығып кетеді. Туысқан інісі екеуі көліктерін тұраққа қойып, алаңдағы халыққа қосылады.

Алаңда адам көп болып, екеуі бір-бірін жоғалтып алады. Бұл уақытта байланыс та жоқ еді. Туысқан інісі көліктің жанына бір келіп, қайта алаңға барып абдырап қалады. Бір кезде күйеуін бір адамдардың көлікке салып жатқанын көреді, жүгіріп барам дегенше ол көлік жүріп кетеді. Осыдан кейін бүкіл туыстары жабылып іздеуге кіріседі.

"Бәрі ауруханаларды аралап іздеуге кіріседі. Қаралы хабарды күйеуімнің әкесіне айтады, жараланған алты адамның ішінен менің күйеуім қаза тауыпты", - дейді әйелі.

Серіктің аяғына екі оқ тиген. Бірінші оқ аяғын тесіп, екіншісі жанап өткен. Дәрігерлер оқ күре тамырын кесіп, көп қан жоғалтып алған, содан қайтыс болған деген. Алаңда қанша уақыт жатып қалғаны да белгісіз.

"Оқ 5 қаңтар күні түнде тиген. Ауруханаға кімдердің алып келгені, жанында кім болғаны, күйеуіммен бірге түскен жаралылар жайлы ақпаратты да таппай қалдық. Ешқандай деректері жоқ. Өздерінің шығып кеткені немесе полицияның алып кеткені белгісіз", - дейді Арайлым Салдарова.

Әйелі күйеуінің өте патриот адам болғанын еске алады. 

"Біз екеуіміз колледжде де, консервоторияда да бірге оқыдық. Сол жерде өзінің адал екенін, тура айтатынын көрсетіп жүретін. Әділетсіздікке шыдай алмайтын еді. Ол бейбіт шеруге өз еркімен шықты", - дейді әйел. 

Әйелінің айтуынша күйеуін қаза тапқаннан кейін "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыптап бұзақы етіп көрсеткісі келген. Бірақ кейін ол айыпты алып тастап, жіберленуші деп таныған. Ақталғаннан кейін отбасына Қазақстан халқына қорынан 7 млн теңге берілген. 

Отбасы өмірі

Серік Салдаров мемлекеттік қызметкер болған. Мәдениет басқармасында бас маман қызметін атқарған. Бірақ өмірінің соңғы жылдары жұмыссыз жүрген. 

"Өзі мәдениет саласының маманы болды. Музыкалық колледжді, кейін консервоторияда қор дирижерлер бөлімін бітірген. Дирижер болған", - дейді әйелі.

Олардың үш қызы бар. Арайлым Салдарова шілде айында Әлияны босанған. Ол күйеуі туралы жылы естелігімен бөліседі.

 "Мен күйеуімді 15 жасымда кездестіргем. 5 жыл бірге жүріп, сосын шаңырақ көтердік. Ол менің тек жұбайым ғана емес әрі досым, әрі сырласым бола білді. Өзі балажан еді. Ол кезде үйде үшеуіміз едік, екі қызым және мен, бізді "менің үш қыздарым" деп еркелететін. Бір күннің үшінде өмірім 180 градусқа өзгеріп сала берді. Қазір сырласайын десем адамым жоқ, туған қыздарыма да айта алмаймын", - дейді мұңайған келіншек.

Ол мемлекет қайтыс болған азаматтардың отбасыларын толық қамқорлығына алу керек, дейді. Олар ешнәрседен тарлық көрмеуі қажет дегенді баса айтқан әйел, кінәлілер қателігін мойындаса екен деп отыр. 

Айлуна

Ансар Ислам

Қаңтарда қаза тапқан Аңсар Ислам

Аңсар Ислам 1999 жылы Шымкент қаласында туған. Анасы Жазира Жандарбекова ұлын өте ақкөңіл, мейірімді бала болды деп еске алады. Үйленгеніне енді үш ай болған Аңсар Алматыда такси жүргізушісі болып жұмыс істеген. Сол бір қаралы күндерде көлігін жөндету үшін қалаға шығып, қыршыннан қиылған азаматтың артында Айлуна есімді қызы қалды. 

22 жастағы шымкенттік Аңсар Ислам былтыр қарашада үйленіп, Алматыда жаңа өмір бастаған. Такси жүргізіп нәпақа тауып жүрген ол жыл басындағы Қаңтар дүрбелеңінде қыршын кетті, дейді анасы.

Жаңа жылда қарашаңыраққа келіп, ата-ана, бауырларымен мерекені тойлап, 4 қаңтарда ағасы Асқарды алып Алматыға кеткеннен қайтып оралмапты. Бұл – ата-анасының Аңсарды соңғы көруі екен. Айналасы екі күнде Шымкентке оның денесі келіп, Аманқұлов әулеті қара жамылды.

Алматыдағы дүрбелеңнен бейхабар болған ағалы-інілі Асқар мен Аңсар 5 қаңтарда түс ауа көліктің майын ауыстыру үшін дүкен іздеп сыртқа шығады. Алайда бірнеше дүкен жабық болады.

Ағайынды екеуі "Алтын орда" базарына келген кезде бірнеше көлік аударылып, дөңгелектері өртеніп жатқанын көреді. Олар көліктерін таса жерге қойып, үйіне жаяу қайтуды ойлайды. Осы сәтте жиналып қалған жүздеген адамға белгісіз жақтан оқ атылады.

Жиналғандарға қарай оқ атылғанда Асқар жол жиегіндегі арыққа құлаған. Ал Аңсар ағашты тасалаған. Шамамен отыз метр қашықта тұрған көліктің жанында оқ тиген адам жатыпты. Аңсар сол адамға көмектесу үшін жауған оқтың астымен жүгірген. Жараланған адамды көлікке салып жатқанда өзінің мойны мен шатына оқ тиіп, құлаған. Ағасы жанында жатқан қалқанды тасалап Аңсардың қасына барғанда мойнынан аққан қанды көреді.

Асқар інісі Аңсарды аурухана мен мәйітханалардан бірнеше сағат іздейді. Ең соңында барған Алматы қалалық паталог-анатомия бюросынан оқ тиіп, қаза болған інісін табады.

Бірінші Аңсардың оқ желкесінен кіріп, тамағынан, екіншісі құйымшағынан кіріп, шатынан шыққан. Үй-іші Аңсар Исламды 6 қаңтарда Шымкенттің "Қайтпас-2" ықшамауданындағы зиратқа жерлеген.

Эксгумация

19 қаңтарда Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық соты Аңсар Исламның мәйітін эксгумациялау жөнінде қаулы шығарды. Онда 4-7 қаңтарда Алматыдағы дүрбелеңге қатысты Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен қылмыстық іс қозғалғаны айтылған.

"Басында біз эксгумацияға қарсы болдық. Бірақ үкімет өз дегенін жасайды екен. Тексеруден кейін адам қолынан қаза тапты деген қаулы шықты. Осыдан кейін толық ақталды", - дейді анасы.

Аңсар ақталғаннан кейін отбасыға Қазақстан халқы қорынан 7 млн теңге берілген. Анасы Жазира Жандарбекова ұлын атқан адамның тым болмаса атын атаса дейді.

"Судың да сұрауы бар. Біздің ұлымыз өздігінен емес, адамның қолынан қаза тауып отыр. Бізге атқан адамды көрсетпесе де кім екенін айтса екен", - дейді анасы.

Аңсардың ата-анасы 21 жасында өмірден өткен ұлдарының әйелі жүкті екенін кейіннен білген. Баламыздың артында ұрпағы қалатын болды-ау деген үміт қайғымызды жеңілдеткендей болды, дейді анасы. Ұлы тірі кезінде қызына атты өзім қойсам деп армандапты. Әжесі немересіне Айлуна деп ат берген.

Назерке мен Жанерке

Назерке мен Жанерке

Ерназар Қырықбаевтың артында қалған қыздары

Ботагөз Көптілеуова –  Талдықорғанда әскери қызметкер астындағы атымен бірге атып өлтірген Ерназар Қырықбаевтың әйелі. Ерназар Талдықорған қаласының маңында шаруа қожалықта жұмыс істеген.

6 қаңтар, қайғылы оқиға болатын күні Ерназар жұмысында болған. Әйелі күйеуінің бес күн қожалықта болып, сенбі-жексенбі күндері үйге қайтатынын айтады. Сол күні Ерназар соңғы рет қызымен сөйлеседі.

“Екеуі ұзақ сөйлесті. Қызын әбден еркелетіп болып, малды айдап келетінін айтқан. Бұл екеуінің соңғы тілдесуі болыпты...”, – дейді әйелі.

Сосын малды қайырып келетінін айтып, жұмысына шығады. Түс ауған соң әскери бөлімнен жүз метрдей жерде атпен кетіп бара жатқан Ерназарға оқ атылады. Малшы мінген жылқыға да оқ тиіп жолда өлі күйінде қалған, ал Ерназарды әскери бөлімдегілер жедел жәрдем шақырып, көлікке салып жібереді.

Әйелі Ерназардың әскери бөлімге мүлдем жақындамағанын айтады. 

Ерназар Қырықбаевқа оқ атқан адам деп әскери бөлімнің 21 жастағы қызметкері Марк Злуняев аталды. 16 қарашада сот үкімі шығып, Злуняев "билік өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен алты жылға сотталып, қамауға алынды. 

Асыраушысынан айырылған отбасының 5 баласы бар. 2014 жылы – тұңғыш қызы Қарақат, 2015 жылы – ұлы Нұрәлі, 2019 жылы Әлинұр туады. 2022 жылы егіз қыздар Назерке мен Жанерке өмірге келеді.

Қазір Ботагөз Көптілеуова Талдықорған қаласында демеушілердің сатып әперген үйінде тұрып жатыр. Жанына көмектесу үшін анасы келген. 

Тіреуінен қапыда көз жазып қалған отбасы көмекке мұқтаж. Көмек қолын созам дейтін азаматтар мына нөмір арқылы қаражат жіберуіне болады.

Каспи нөмір 87078982451 Ботагөз. К

Ерке

Сыдыкбаев

Еркебұлан Сыдықбаев отбасымен бірге

Еркебұлан Сыдықбаев 5 қаңтарда Алматыда анасын жұмысынан алып келу үшін шығып, ауруханада ес-түссіз жатып көз жұмды. Оның өлімінің себебі – әлі күнге дейін құпия. 12 күн комада жатып, ес жимастан бақилық болған азаматтың әйелі артында қалған балаларына үкіметтен үй берілуі керек деп отыр. 

Еркебұлан 5 қаңтарда үйінің алдында көлік жөндеп жатқан. Сол кезде анасы хабарласып, қалада атыс болып жатқанын айтып үйден шықпауды ескертеді, Ал өзінің автобус жоқ болғаннан кейін жұмыстан қайта алмай отырғанын айтады. Сағат 11 шамасында ол көршісінің көлігін алып, анасын жұмыстан алып келу үшін қалаға шығады. Үйден шыққан азамат сол күй хабар-ошарсыз кетеді.

"5 қаңтарда үйге келген жоқ. 6 қаңтарда да келмеді. Сосын 7 күні өзім іздеп шықтым. Ес-түссіз жатқан күйеуімді 12 ауруханадан таптым", - дейді әйелі Сая Есенгелді.

Оқ Еркебұлан құйымшағына тиген. Ауруханада бірінші ота жасағаннан кейін комаға түсіп қалады. 12 күн комада жатқан азамат есін жимастан қайтыс болады.

Еркебұланның көлігін туыстары Қазыбек би көшесінен табады. Көлікте оқтың ізі болмаған. Бірақ оның есігі ашық қалған еді, деп еске алады әйелі.

Әйелі күйеуіне оқтың қай жерден тигенін, кімнің атқанын да білмейді. Ал істі құпия деп жауып тастаған. Тергеушілер істің ішінде атқан адам туралы мәлімет бар екенін айтқан, бірақ іспен таныстырмаған.

Прокуратура Саяға күйеуін төтенше жағдай уақытында шығып кеткенін алға тартып, сол үшін кінәлі етіп көрсетпек болған. Бірақ әйел мұнымен келіспейді.

Сая күйеуінің қылмыстық іске қатысы жоқ деген қағазды алған. Осыдан кейін отбасына Қазақстан халқына қорынан 7 млн теңге беріліпті.

Асыраушысынан айырылған әйел қазір 4 баласымен Алматыда пәтер жалдап тұрады. Қазақстан халқына қоры бөлген ақшаның жартысына көлік алып, анда-санда такси болып жұмыс істейтінін айтады. Кенже қызына күйеуі Еркебұланның құрметіне Ерке деп ат қойған.

Көмек қолын созам дейтін азаматтар мына нөмір арқылы қаражат жіберуіне болады.

Халық банкінің реквизиті: 5101 4513 2384 9374 Сая Есенгелді.

Талқылау