Солтүстік Қазақстанда 1,4 миллиард теңгеге салынуы тиіс нысан аяқталмай қалды: Тергеу басталды
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті Айыртау ауданында құрылыс жұмыстары кезінде бюджет қаражатының жымқырылуына қатысты жүргізіліп жатқан тергеуге қатысты есеп берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2017 жылы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында "Сырымбет" кен орнына дейін кірме теміржол жолын, оның ішінде алаңішілік жол желісі мен инженерлік желілерді салу үшін "Akcent KZ" ЖШС-мен келісімшарт жасасқан.
"Сырымбет" кен орны өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Ол – Қазақстандағы жалғыз әрі Орталық Азиядағы ең ірі қалайы кен орны.
Мемлекеттік сатып алу келісімшартының жалпы құны 1,4 миллиард теңге. Бастапқыда нысанды 2018 жылы аяқтау жоспарланған. Алайда жобаны іске асыру мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Соған қарамастан, нысанның құрылысы әлі күнге дейін аяқталмаған.

Нәтижесінде іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың құны 380 миллион теңге болды.
Іс бойынша мердігер ұйымның басшысы мен Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы басшысы күдікті деп танылған.
Департаменттің мәліметінше, соттың санкциясымен үш пәтер мен автотұрақ орнын қамауға алу түріндегі шара қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.
"Бір шелек алтын" үшін қырылған отбасы: Алты адам мен сәби азаппен өлтірілген қанды қылмыс туралы не белгілі