Скляр Солтүстік Қазақстан тұрғындарын дереу эвакуациялауды тапсырды
Бірінші вице-премьер Роман Скляр СҚО-дағы Заречный кентінің тұрғындарын шұғыл эвакуациялауды тапсырды. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар су басу қаупі бар аймақтардан тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Заречный кенті Ущев көшесі мен Прибрежное ауылы бойындағы бөгеттерді аралады, Ойқаладағы су тасқынына қарсы қорғаныс бекіністерінің дайындығын тексерді, эвакуациялау пунктінің дайындығын зерделеп, Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің баяндамасын тыңдады. Оның қорытындысы бойынша Заречный кентінде тұратын 239 тұрғынды эвакуациялауды бастауды тапсырды.
Қала әкімі үлкен судың кентке үш күнде жететінін хабарлады. Ол нығайтылған бөгет судың бірінші ағынын ғана ұстайтынын атап өтті. Алайда болжам бойынша, саяжай аумағына жан-жақтан су тасқыны келеді және 200 үйдің 132-сіне қауіп төніп тұр. Бірінші вице-премьер тез арада азаматтарды эвакуациялауды бастауды тапсырды.
“Адамдарға 2017 жылмен салыстырғанда биылғы су тасқынының ауқымды екенін түсіндіру керек. Өйткені ауыл ойда орналасқан және инженерлік құрылыстар судың көтерілуіне шыдамауы мүмкін, тұрғындарды эвакуациялау үшін екі күн бар”, – деді Роман Скляр.
Сондай-ақ Роман Скляр эвакуациялаудан бас тартқан тұрғындармен түсіндірме әңгіме жүргізіп, жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін саяжай аймағынан отбасыларды көшіруді бақылауға алуды тапсырды.
“Азаматтарға алдағы су тасқынының ауырлығын түсіндіріңіздер. Сергеев су қоймасынан көп су келеді, сондықтан аумақты қатты су басады. Бөгетті нығайту жеделдетілген түрде аяқталды, бірақ ол тек су аз кезеңдерінде қорғай алады. Сондықтан мұнда тұратындарды дереу эвакуациялау керек. Ешкім зардап шекпеуі қажет”, – деп қорытындылады премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Фото: primeminister.kz
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Сергеев су қоймасының бүкіл тарихындағы су тасқынының абсолютті максималды кезеңіне жеткенін атап өтті. Ол барлық есептеу жүргізілгенін, 12-14 сәуір аралығында Петропавл қаласына үлкен су келетінін түсіндірді.
Сондай-ақ Роман Скляр "Қызылжар Су" ЖШС сорғы станциясының стратегиялық учаскесіндегі бөгетті нығайту үшін су тасу қаупін барынша азайтуды, арнайы техниканы жұмылдыруды, инертті материалдармен және жұмыс күшімен қамтамасыз етуді тапсырды.
"Сорғы станциясына келсек, бұл – стратегиялық маңызды нысан. Біз қысқа мерзімде қосымша бөгетті тұрғыздық. Оның жұмысы қамтамасыз етіледі. Қосымша дизель генераторы орнатылды. Қала кез келген жағдайда үзіліссіз сумен қамтамасыз етілуі керек. Жоспарлаған жұмыстардың барлығы жалғасын табады. Одан әрі өзеннен төмен қарай Қызылжар өңірінде жаңа бөгеттерді салуды бастаймыз. Міндет – елді мекендерді қорғау. Біз қазіргі жағдайға сәйкес, бұрыннан белгіленген жоспарлар бойынша жұмыс істейміз", — деп түйіндеді Скляр.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша премьер-министрдің бірінші орынбасары жол инфрақұрылымының су тасқынына дайындығын тексеріп, "ҚазАвтоЖол" облыстық филиалының директоры А.Қабылдинге айналма жол бойында азаматтық көліктің қауіпсіз қозғалысы үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды.
Фото: t.me/sqo_pd
Солтүстік Қазақстандағы Уәлиханов, Ақжар, Тайынша аудандарында жағдай тұрақталып келеді. Алайда Петропавл қаласы мен Есіл өзені бойындағы Сергеев су қоймасынан төмен орналасқан ауылдарды су басу қаупі бар. Жергілікті атқарушы органдар, полицейлер мен құтқарушылар төтенше жағдайға сақадай сай дайын тұр. Апаттың алдын алу үшін олар жергілікті тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр.
“Есіл ауданында Петровка ауылында шет жақта орналасқан 24 үйдің тұрғындары эвакуацияланды. Жергілікті тұрғындар шаруашылықты, төрт түлік мал мен жиналған жемді қауіпсіз жерге көшіруге көмектесті. Эвакуациялау шаралары тез арада аяқталды. Тұрғындардың үйлерін полиция қызметкерлері күзетеді”, – делінген хабарламада.
Фото: t.me/sqo_pd
Сондай-ақ Семипалатное ауылында алдын ала эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жағдайды мүдделі қызметкерлердің бақылауында және олар адамдарды су тасқыны қаупінен қорғау бойынша жедел іс-қимылдарға дайын.
“Сергеев су қоймасының толымдылығы 185 пайызға таяды. 8 сәуір сағат 18:00-ден бері қоймадағы судың деңгейі 425 сантиметрде сақтап тұр. 219 елді мекенді су басу қаупі бар. Қазір 40 үйдің 13-і, сондай-ақ 111 аула су астында қалды. 290 адам эвакуацияланды, 44 адам үйлеріне қайтарылды. Су тасқынына қарсы іс-шараларға 1940-тан астам адам мен 305 техника, 156 мотопомпа және 22 су көлігі жұмылдырылған. Тіршілікті қамтамасыз ету мекемелері қалыпты жұмыс істеп жатыр”, – деп мәлімдеді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мұрат Қанғожинов.
Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының елді мекендерінің айналасындағы қорғаныс жағалауларын нығайту жүргізіліп жатыр.