Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сифилис жұқтырды": Тараздық келіншек дәрігерлердің қате диагнозы үшін үйден қуылды

Тараздық Ақмарал Рахметова небәрі 10 ай бұрын тұрмыс құрып, ажырасудың шақ алдында тұр. Бәріне кінәлі, дәрігерлердің жас келіншекке қойған диагнозы. Ақ халаттылар оның мерез, басқаша айтқанда "сифилис" ауруына шалдыққанын айтқан. Алайда Ақмаралдың жары Абылайдың таза болып шығуы отбасында шу тудырған. Бұл туралы Stan.kz "Астарлы ақиқат" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сифилис – 97% жағдайда жыныстық жолмен жұғады. Алайда Абылайдың өзі әйелінің таза екеніне сенімді. Тұрмысқа шыққанда пәк болып келге дейді. Диагноз анықталғанда, дәрігерлер бұл сырды екеуара сақтауды сұраған. Алайда уақыт өткеннен кейін, белгісіз біреу бұл ақпаратты жігіттің отбасына жеткізген. Бүгінде бүкіл ауыл біледі деп отыр. 

"Өзім қаралған емханадағы медицина қызметкерлері, өзіміздің көршілерімізге дейін біліп отыр. "Сенің келінің дәрімен ғана жүрген адам, ол ауру, ал балаң сау. Ішіндегі бала мүгедек болып туылады, алдырып тастасын" деген", – деп көзіне жас алды 23 жастағы Ақмарал.

Жас келін өзінің таза екеніне сенімді. Бағдарламаға өзін ақтап алу үшін келген. 

"Күйеуім сенген жоқ. Мен әйелімнің қандай екенін білемін. Ел не айтса оны айтсын, мен әйелімді жақсы көремін. Менде ешқандай басқа адам болған емес, тек күйеуіммен ғана… Мен өзімді аурумын деп есептемеймін, өзімді ақтағым келеді", – деген Ақмарал тұрмысқа "қыз" болып шыққанын растады.



Ал енесі о бастан Ақмаралдың жақсы келін болмағанын айтады. 

"Егер рас болса, мен Ақмаралды қабылдамаймын. Маған ондай келіннің керегі жоқ. Кезінде де келін болып жарытқан жоқ. Аяқ асты шешесі келіп алып кетті. Сенің балаң надан дейді. Менің баламнан шықса, қалай жазаласа да ештеңе демейтін едім. Бірінші өз қызын дұрыстап алсын", – дейді ол. 

Ал қыздың анасы Манар Рахметова Ақмаралдың таза екеніне сенімді. Тіпті ауру болған күннің өзінде перзентімді кеудеден итермеймін деп отыр. 

"Бұл оқиға болған кезде құдам келіп: "Ішіндегі баланы алдырасың, болмаса қызыңды үйіңе алып кет" деп құдасына айтты. Мен сыртта естіп тұрмын, жүрегім қарс айырылды. Өзінің қаны ғой. Соны естіген соң, тыным таппадым. Қызым жылап звондады. "Мыналар бәрі жабылып баланы алдыр деп жатыр. Не істеймін?" деді. Гинекологқа қаралғанын, баланың дені сау екенін білдім. "Сен ауру болсаң да, мен сені қабылдаймын. Сен менің қызымсың" дедім. Жұмыстан кейін, кештетіп үйлеріне бардым. Құдағиға жолықтым. 

Айқай шығарған жоқпын, тек екі жас бір-бірін қимай тұр, білесіз бе? Құда мен құдағи қанша айтып кеткенімен, мен қимай тұрмын. Өйткені жаңадан үйленген жастар ғой", – дейді ол.

Манар Рахметова өздері қарапайым отбасы болса да, балаларын намысшыл етіп тәрбиелегенін, өзін ақтау үшін соңына дейін баратынын айтты. 

Түсірілім тобы Жамбыл облысы Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылына барып, Ақмарал емделген ауруханаға бас сұққан. Зерттеу барысында, Ақмаралдың қайын атасының бұрын сол жерде басшылық қызметте болғанын анықтаған. Бұл орайда о баста келінді жақтырмаған ата-ененің қитұрқы әрекеті емес пе деген күдік туды. 

Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін Ақмаралдан қайтадан қан анализі алынды. Ол теріс нәтиже көрсетіп, келіншек елдің алдында ақталды.

Өз кезегінде, Ақмаралдың жары Абылай бағдарламаға тек келіншегін ақтау үшін келгенін мәлімдеді. 

"Әке-шешемді жамандау үшін, болмаса, намысымды таптау үшін келген жоқпын. Келіншегімді ақтап алуға келдім", – деді ол сөз соңында. 

Талқылау