Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Миллиондаған адамның өлгенін қаламаймыз": Трамп Путинмен шұғыл келіссөз жүргізбек

АҚШ президенті Дональд Трамп Путинмен жарты сағаттай сөйлесіп, кейін Украина президенті Владимир Зеленскийге қоңырау шалды. Ресей президентімен әңгімеден кейін Трамп екі тарап шұғыл түрде келіссөз жүргізетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Brandon Bell /Кремль

Дональд Трамп Путинмен арадағы әңгіме ұзақ әрі нәтижелі болғанын айтады. 

“Қазір ғана Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы ұзақ әрі нәтижелі әңгіме жүргіздік. Біз Украина, Таяу Шығыс, энергетика, жасанды интеллект, “доллардың күші” және басқа да көптеген тақырыптарды талқыладық. Келісімге келдік, Ресей мен Украина арасындағы соғыста миллиондаған адамның өлгенін қаламаймыз. Бірақ ең әуелі екеуміз Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату үшін келіссөз жүргізуге дайындалып жатырмыз”, – дейді Трамп.

Көп ұзамай Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков екі президент арасындағы әңгіме жарты сағатқа созылғанын растады. Сондай-ақ оның айтуынша, Трамп пен Путин қатар тұтқындар алмасуын, Иранның ядролық бағдарламасы және Ресей мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты талқыға салған.

Дмитрий Песков Путин Трамптың келіссөз туралы ұсынысына қатысты қақтығыстың түпкі себептерін жойып, бейбіт келіссөздер арқылы ұзақ мерзімді реттеуге қол жеткізуге болатынын айтты.

Кремль Путиннің Ресейде америкалық шенеуніктерді, оның ішінде Украинамен айналысатындарды қабылдауға дайын екенін жеткізді. Алайда Песков келіссөздердің жақын арада басталуы мүмкін екенін айтқан жоқ.

Америкалық тараптан келіссөздерді мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклифф, Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолц және арнайы өкіл Стив Виткофф жүргізеді.



Путин Трампты Мәскеуге шақырды. Екі ел президенті жеке кездесу ұйымдастыруға және жеке байланыстарды жалғастыруға келісті.

“Мен Ресей президенті Путинге уақыт бөліп, сұхбаттастқаны үшін және кеше кешкісін Ақ үйде таныстырған Марк Фогельді босатқаны үшін алғыс айтамын. Біздің күшіміз жақын арада табысты нәтижеге әкеледі деп сенемін”, – дейді АҚШ президенті.

Трамп Путинмен алғашқы кездесуі Сауд Арабиясында өтетінін мәлімдеді. 

Путинмен әңгімеден кейін Трамп Зеленскиймен сөйлескен. Зеленский Трампен арада сұхбат болғанын растады. 

“Мен жаңа ғана Дональд Трамппен сөйлестім. Бейбітшілікке келу, біздің бірлесіп жұмыс істеуге дайындығымыздың командалық деңгейі туралы ұзақ әңгіме болды. Біздің технологиялық мүмкіндіктеріміз, атап айтқанда, дрондар және басқа да заманауи өндірістер туралы сөйлестік. Президент Трампқа біздің бірге не істей алатынымызға қызығушылық танытқаны үшін алғыс айтамыз”, – дейді Зеленский.

Бұған дейін Трамп пен Путин Украинадағы соғысты талқылаған еді. 

Талқылау