Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте гүл ұрлап аты шыққан экс-полицейдің басы тағы да дауға қалды

Әлеуметтік желіде Шымкенттегі дәмханалардың бірінде әйелдің телефонын тартып алып, қайтарудан бас тартқан ер адамның видеосы тарады. Телефонын мас ер адамнан ала алмайтынын түсінген әйел жанындағылардан көмек сұрайды. Сөз арасында сыра ішіп отырған ер адамның былтыр 8 мамырда гүл сататын дүкеннен гүл ұрлаған экс-полицей екені белгілі болды. Полиция болған жағдайға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Видеодан әйелдің ер адамнан әлденені ала алмай жатқанын байқауға болады. “Тұр, менің телефонымды бер. Телефонымды әкел, хабарлама келіп жатыр” дейді әйел. Еркекке күші жетпейтінін түсінген ол басқа үстелде отырғандардан көмек сұрайды. 

“Мына кісіні айтып жатыр ма едіңдер? Ішкеніне төлеп алсын. Менің телефонымды кепілге тастамақ. Жақсылап телефонға түсірші. Сол гүлге ақша төлей алмайтын жігіт қой”, – дейді әйел.

Ер адамдардың әйелге араша түсіп, телефонын қайтарып беруін талап еткеніне қарамастан, ол өзінде ешқандай телефон жоқ екенін айтып, жанына ешкімді жолатпай қойды. Көмекке келгендердің бірі ер адамның қолындағы телефонды алып беріп еді, әйел бұл өзінің телефоны емес екенін, оны ер адам жасырып отырғанын айтты. 

“Менің телефоным, соны ала сал. Саған сыйладым. Менде телефон жоқ, көлікте”, – дейді ер адам.

Видеодан әйелдің телефонын қайтарып беруге көмектескендердің бірі міз бақпай сыра ішіп отырған ер адамның жағасынан алып жатқанын көруге болады. Болған жағдайға қатысты Шымкент қаласының полиция департаменті пікір білдірді.

“Аталған дерек бойынша полицияға ешқандай арыз-шағым түспеді. Оқиғаның мән-жайын білу үшін қазіргі кезде видеодағы азаматтардың кім екенін анықтап жатырмыз”, – деп мәлімдеді полиция басқармасындағылар.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 8 мамырында ер адам флористі қорлап, дүкеннен гүл шоғын алып кеткен. Тұран АПБ-ның 102 арнасына қоңырау түскен. Алайда дүкен иесі мән-жайды нақтылау барысында учаскелік инспекторларға ешкімге шағымы жоқтығын айтып, арыз жазудан бас тартқан.

Бұл жайтқа қатысты Тұран АПБ-да ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен "Жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi емес күш қолданып тонау" сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сондай-ақ істің ақ-қарасын ажырату кезінде қара футболка киген азамат ағымдағы жылдың 19 мамырында отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған Қаратау АПБ-ның бұрынғы қызметкері екені анықталды.

 

Талқылау