Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте әйелді аяусыз ұрып тастаған ер адам жазадан құтылып кетті

Шымкент қаласында әйелді аяусыз ұрып-соққан қаскөй жазадан құтылып кетті. "Не молчи" қоры істі қайта қарауды талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Не молчи" қорының Facebook парақшасында бетінің сау-тамтығы қалмаған әйелдің суреті жарияланды. Қор өкілдеріне келген хабарламадан жәбірленушінің ауыр жарақаттар алғанын оқуға болады. Онда әйелдің қабырғасы сынғаны, сау тісі қалмағаны, басынан ауыр жарақат алып, сұйықтық толғаны, ауыз қуысындағы сүйектеріне зақым келгені жазылған.

Қордың хабарлауынша, сот күдіктіні "денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" бабы бойынша кінәлі деп тауып, 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындаған. Оның үстіне жаза өтелді деп үкім шығарған.

"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 3-1-тармағы 62-бабына сәйкес сотталған Ә. М. бас бостандығын шектеу түріндегі жаза мерзіміне, күзетпен ұстау уақыты екі күн үшін бір күн, яғни 2020 жылғы 11 маусымнан бастап 2020 жылғы 27 желтоқсанға дейін есептелсін және бас бостандығын шектеу өтелді деп есептелсін!

Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхатқа ауыстырылсын. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін осы бұлтартпау шарасының күші жойылсын. Ә.М. қамаудан тез арада босатылсын", - делінген сот шешімінде.

Сотталушыдан азаматтық жәбірленуші пайдасына 20 365  теңге мөлшерінде материалдық залал және 200 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян өндіріп алу міндеттелді.

Сонымен қатар, ол  мемлекет кірісіне 643 227 теңге мөлшерінде процестік шығындар және 1 593 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж төлеуі керек.  Ал жәбірленушілерге өтемақы қорына 27 780 теңге мөлшерінде мәжбүрлі төлем төлейді.

"Үкімге апелляциялық шағым берілуі, жарияланған күнінен бастап он бес тәулік ішінде прокурор өтінішхат келтіруі, Шымкент қаласының Абай аудандық соты арқылы Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына жеткізілуі мүмкін", - делінген Қор жариялаған сот хабарламасында.

Қор өкілдері мұндай үкімнің қабылдануына Шымкент қаласының полиция департаментін кінәлады және істі қайта қарауды талап етті.

Желі қолданушылары да сот шығарған шешімге таң қалғандарын жарыса жазды.

"Бұл мазақ! Еліміздегі әділдік қайда!", "Бүкіл сот жүейсі үшін ұят, қашанға дейін адамдарды мазақ етеді?", "Біздің мемлекетімізде адамды мүгедек жасасаңыз да ештеңе болмайды! Әйелде 100% өмір бойы денсаулығына байланысты проблемалар болады және бұл психологиялық жарақаттарды есептемегенде. Қандай сұмдық!", - деп жазды желі қолданушылары.

Талқылау