“Айгүл” ансамблінің мүшесі Ағайша Исағұлова өмірден озды
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білім беру ісінің үздігі, профессор, әнші-композитор Ағайша Исағұлова 83 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ағайша Шермұхамбетқызы Исағұлова 1945 жылы 12 ақпанда Талдықорған маңындағы Ескелді ауданында дүниеге келген. 1967 жылы ЖенПИ-ді (қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті) тәмамдап, осы оқу орнында ұстаздық қызмет атқарған. Қазір университет профессоры.
Кәсіби музыкант, баяншы әрі колоратуралық сопрано иесі Ағайша Исағұлова 1968 жылы “Айгүл” вокалды-аспаптық ансамблін ұйымдастырушылардың бірі болды. Ансамбль кейін Кеңес Одағында және шетелде танымал болды.
1978-1979 жылдары “Шаттық жыры” ансамблін құрды. 1992 жылы Галина Карамолдаевамен бірге “Өнер – жастан” студенттік опера театрын ашты. Театр бүгінде де жұмыс істейді.
Исағұлова 2001 және 2003 жылдары Майра Уалиқызы Шамсутдинова атындағы халықаралық байқауларды ұйымдастырды. Ол көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, сондай-ақ "Үздік музыка мұғалімі" атағын екі рет иеленген.
“Мен қазақтың екі-ақ қызын білемін. Біріншісі – Хафиза Әбуғалиева аккордеонмен ән салушы еді, екіншісі қарындасым Ағайша – баянда ойнап ән айтады. Бұл қыздар елімізге келген біртуар таланттар ғой”, – деген Айғайша Исағұлова туралы Дінмұхаммед Қонаев.
Композитор ретінде 2001 жылы Ж. Жақыпбаевтың сөзіне жазылған “Көкпар” әні үшін “Жаңа ғасырға – жаңа ән” республикалық байқауында Гран-при алды. Бұл шығарма оның шығармашылық визиттік картасына айналды.
Ағайша Исағұлова Қазақстаннан бөлек, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия, Польша, Түркия және басқа да елдерде өнер көрсетіп, кеңінен танылған. Туған жері Ескелді және Кербұлақ ауданының “Құрметті азаматы”.
2022 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ағайша Исағұловаға “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағын берді
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде жылқының жағдайы көпшіліктің ашуын туғызды