Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басшының туған күніне 5 мың теңгеден жинады": Шымкент ауруханасында ақша жинауға байланысты дау шықты

Шымкентте №1 клиникалық ауруханасының қызметкерлері әлеуметтік желіде видео жүктеп, бас дәрігерді алым-салық жинады деп айыптады. Сонымен қатар қызметкерлермен қарым-қатынасы нашар деп шағымданды. Бұл айыптаулардан кейін бас дәрігер Абылай Донбай баспасөз отырысын шақырып, айыптауларға жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar басылымына сілтеме жасап. 

Абылай Донбай

"27 шілдеде басшының туған күні үшін 5 мың теңгеден жинады. Осылай жиі ақша сұрайды", – дейді қызметкерлер. 

Әлеуметтік желіде тараған видеода медицина қызметкерлерінен химиялық зат үшін ақша жиналатыны айтылған. Бас дәрігер бұл ақпаратты растады. Алайда ақшаны мен емес, бөлім меңгерушілері алған дейді. Газет-журнал үшін әр бөлімнен 150 мың теңгеден жинап беретін көрінеді. Тіпті әр операция үшін ақша сұратып келген.

"Ауруханада 14 клиникалық бөлімше бар, әр жасалған операциядан 10 мың теңгеден, наркоз үшін 5 мың теңгеден жиналып отырған. Осыған байланысты бөлімше меңгерушілеріне ескерту берілген. Аптасына біздің ауруханада 50-60 операция жасалады. Осы травматалогия қызметін көтеру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласынан екі қызметкерді жұмысқа алып, бұрынғы бөлім меңгерушісі жұмыстан шығарылған", – дейді Абылай Донбай.

Абылай Донбай "бұл бас дәрігер болғысы келетін әрі әділдік орнағанын қаламайтын азаматтардың қасақана жасаған әрекеті болуы мүмкін" дейді. Тіпті сұхбат берген қызметкердің бірі бұған дейін "дәрі ұрлады" деген айыппен жұмыстан қуылған екен. Ал өзгелері пара алуға үйреніп қалған деді ол. Сондықтан ауруханадағы камералар жемқорлықты азайтады деп сендірді. Сөзінше, кей қызметкерлер тегін қызмет үшін ақы алып келген.

"КТА, МРТ кабинеттерінің алдында қабылдау бөліміне келіп түскен барлық науқасқа КТ,  МРТ, рентген, УДЗ бәрін тегін жасалады деген тақтайша ілгенбіз. “Егер сізден ақша сұраса, адалдық алаңы 1424 нөміріне хабарласыңыз” деп жазылған", – дейді Абылай Донбай.

Абылай Донбай жалған ақпарат таратып, әлеуметтік желіде ар-намысына тиетін сөздер айтқан медицина қызметкерлерінің үстінен арыз түсірген. Қазіргі таңда тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Бас дәрігер барлығын құзырлы органдар анықтайды деп сеніп отыр.

Талқылау