Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкент тұрғыны TikTok желісінде "терроризмді насихаттады" деген айыппен жеті жылға сотталды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 42 жастағы Сайдумар Ибрагимовты "терроризмді насихаттады" деген айыппен кінәлі деп тауып, жеті жылға бас бостандығынан айырды. Сот шешімін 2 мамырда жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: azattyq.org

Тергеу мен айыптау тарапының мәліметінше, Сайдумар Ибрагимов TikTok әлеуметтік желісінде Қазақстанда лаңкестік деп танылған және тыйым салынған "Ислам мемлекеті" (ИМ) тобының қызметін "ілгерілететін" бейнероликтерді бөліскен.

Сот үкіміне сәйкес, материалдарда Қазақстанда да тыйым салынған исламшыл "Мұсылман бауырлар" тобына қатысты соғыс пен зорлық-зомбылық, қарулы "жиһадқа" және діни себептермен жанқиярлыққа шақыру идеялары бар.

Ибрагимов тағылған айыпты ішінара мойындады. Ол видеоларды таратқанымен, мазмұнын түсінбейтінін айтты.



Айыпталушының сөзінше, ол видеода "терроризмді насихаттап жатқанын" білмеген.

Сот үкіміне сәйкес, Сайдумар Ибрагимов жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Ибрагимовқа қылмыстық кодекстің 256-бабы "Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария шақыру" бойынша айып тағылды. Айыптаушының айтуынша, ол өткен қарашада "соғыс пен зорлық-зомбылық идеялары бар материалдарды заңсыз таратқан" және "жиһадқа шақырған".

Сайдумар Ибрагимов жеке кәсіпкер және оның асырауында кәмелетке толмаған төрт баласы бар. Бұрын ол денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2 және 3 мамырда еліміздің екі қаласында экстремизмге қатысты 3 адамды ұстаған еді. Күдіктілер Астана және Павлодар қалаларында ұсталған. 

Ұсталғандар терроризмді насихаттады және республика аумағында тыйым салынған діни-экстремистік ұйымның қызметіне қатысты деген күдікке ілінген. Тінту барысында діни әдебиеттер мен өзге де заттай дәлелдемелер алынған.

Күдіктілер бұрын жалпы қылмыстық және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін сотталған екен. 

Талқылау