Шымбұлақта ер адам қар көшкіні салдарынан көз жұмды
"Шымбұлаққа" тау шаңғысымен сырғанауға барған адам қар көшкіні кезінде көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“10 наурыз күні "Шымбұлақ" курортына келген шаңғышы қар көшкінін түсіретін құралмен соқтығысып, салдарынан қар көшкінінің астында қалып, көз жұмды”, – деп хабарлайды Шымбұлақ” тау курортының әкімшілігі.
10:58-де курорттық құтқарушыларға Комби-2 тірегінің 8-ден жоғары аймағында қар көшкіні жүріп жатқаны туралы ақпарат түскен. Марқұм көшкінге қарсы құрылғыға соғылған.
“Оқиға орнына сағат 11:02-де жеткен құтқарушылар шаңғышының дене бөлігін қар көшкінін бөлетін жерден тапты. Құтқару операциясы үш минуттан аспады. Сағат 11:05-те шаңғышының денесі қазып алынды. Ол шаңғы тебуге рұқсат етілген, белгіленген соқпақтардан өтіп, қоршаудың сыртына шығып кеткен. Ер адамның қар көшкініне қарсы қажетті құрал-жабдықтары, атап айтқанда, бипер, бұрғы күрегі болмаған”, – делінген хабарламада.
Сағат 11:25-те ол фельдшерлік-акушерлік пунктке жеткізілді.
“Сағат 11.29-да фельдшерлік пункт қызметкерлері оның көз жұмғанын анықтады. Ер адам қар көшкінімен бетпе-бет келіп, қарды бөлетін құрылғыға барып соғылған. Соның салдарынан бас жарақатын алған”, – дейді Шымбұлақ әкімшілігі
Айта кетейік, бүгін "Қазгидромет" Алматыда ауа райына байланысты ескерту жасаған болатын.
“Жауын-шашынның түсуіне және қар жамылғысының тұрақсыз түсуіне байланысты Кіші және Үлкен Алматы су алаптарында 10-11 наурыз аралығында қар көшкіні жүруі мүмкін. Көшкін жүру қаупі мүмкін болуына байланысты, қарлы тік жартастарға шығуға болмайды. Тауда абай болыңыздар”, – делінген хабарламада.