Шерзаттың өлімінен кейін Талғарда тағы бір шенеунік ауысты
Шерзат Болаттың өлімінен кейін Талғарда әлі де шенеуніктер ауысып жатыр. Бұл жолы аудандық ішкі істер бөліміне жаңа басшы тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы облысы полиция департаменті
14 қаңтар күні Талғар аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы лауазымына Асхат Бекенов тағайындалды.
“Сіздерге Талғар ауданы Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асхат Барлыбаевич Бекенов тағайындалғаны туралы хабарлаймыз”, – деп мәлімдеді аудандық полиция бөлімі.
Асхат Бекенов – Павлодар облысы, Ертіс ауданынының тумасы. Ішкі істер органдарында ол 1997 жылдан бастап қызмет етіп келеді.
Еске салайық, 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімінен кейін Ішкі істер министрінің бұйрығымен Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы лауазымынан Нұржан Күнтунов босатылды. Бұл қызметті уақытша Нұрлан Сайдалин атқарды. Ал 2 желтоқсаннан бастап Талғар аудандық полиция басқармасының басшысы міндетін атқарушы болып Айдар Омаров тағайындалған еді.