"Үлкендер қауіпсіздік шараларын білмейді": Маман Шарындағы адам өлімінің себебін түсіндірді
ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов Шарындағы оқиға кезінде балалар мен ата-аналар қандай қателік жібергенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрліктің өкілі қазіргі таңда ересектердің де қауіпсіздік шараларына қатысты білімі жоқ екенін айтты. Сонымен қатар, Сыздықов Шарындағы оқиға кезінде қандай қателіктер жіберілгенін түсіндірді.
“Судың лайланып келе жатқанын көрген соң, ата-аналар мен балалар дабыл қағып, өмірлерін құтқаруға асығуы керек еді. Екіншіден шатқалдың төменгі жағына түспес бұрын, жан-жақтағы жағдайды барлап, бақылау қажет болатын. Үшіншіден, нөсер жаңбыр жауғаннан кейін жоғарғы жаққа шығып кету керек еді. Ол жерден тек балалар болған жоқ, ересектер де болды. Сондықтан, ересектер сақтық шараларын сақтауы керек еді. Балалардың кінәсі жоқ. Ересектердің өздері төтенше жағдай туралы ескертпелерді үнемі қарап, білімдерін толықтырып отыруы керек. Сонда ғана оқыс жағдайда шешім қабылдау мүмкін болады”, – дейді Сыздықов.
Естеріңізге сала кетсек, 29 мамыр күні Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болып, 1 адам із-түзсіз жоғалғаны, тағы 6 адам зардап шеккені хабарланған болатын. Шарындағы селден аман қалған қыз қалай құтқарылғанын айтып берді.