Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

26 жасқа толатын еді: Шарындағы селден қаза тапқан мұғалім туралы достары мен әріптестері айтып берді

Шарын шатқалында болған селдің салдарынан көз жұмған мұғалім Мерей Ибрагимов тірі болса биыл 26 жасқа толар еді. Мұғалім туралы досы мен әріптестері айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қаза тапқан мұғалім туралы досы Ратмир Афанасьев еске алды. Ол Мерей Ибрагимовтың қаншалықты мейірімді, адал адам болғанын тілге тиек еткен. 

“Сен менің досым, бауырым, ұстазым, оқушым едің. Біз 15 жылдан бері дос едік. Ең алғаш Қазақстанға келіп, орыс тілін мүлдем білмеген кезімде де, ешкім мені мойындамаған кезде де сен менімен араласуыңды тоқтатпаған жалғыз адам едің. Бір бірімізді түсінбесек те менімен дос болдың. Үнемі жанымда болып, маған көп нәрсе үйреттің. Өткенді ұмытып, болашаққа көз тастауды көрсеттің. Батырлар арамызда жүр. Сен сол батырлардың бірегейісің”, – дейді Ратмир Афанасьев.

Сонымен қатар, досы Мерейдің ерлігін ерекше бағалаған.

“Ибрагимов Мерей - қарапайым мектеп мұғалімі болатын. Кішкентай қызды қатты селден шығарамын деп, өз өмірін қиды. Жан-жақтағы адамдар селді жанталасып видеоға түсіріп жатқан кезде, ол адам құтқаруға асықты. Бірақ бұл ерлігі үшін ол өз өмірін қиды. Мерей адамды үнемі тыңдап, көңіл бөліп, көмек қолын созуға асығатын адам еді. Досым, барлығы үшін рахмет. Біз сені жақсы көреміз”, – дейді ол. 



Ибрагимов сәндік-қолданбалы өнер және мүсін бөлімі, "Көркем металды өңдеу" және "Көркем керамика" клубтарын басқарған. Ибрагимовтың жалпы жұмыс өтілі бес жылды құрайды. Соңғы үш жылда ол  №199 гимназияда жұмыс істеді. Мерей туралы білім басқармасы да пікір білдірді. 

"Өте жауапты мұғалім, барлық студенттердің сүйікті ұстазы, өз ісінің шебері. Ашық-жарқын тұлға еді, жан-жақты, мақсаты айқын, барлығына күлкі сыйлап жүретін, ортаның сәні еді”, – дейді білім басқармасы. 

Еске салсақ, 29 мамырда Шарын шатқалында сел жүріп, салдарынан екі адам қайтыс болып, алтауы жарақат алды. 

Желіде оқушылар тобы сел өткен Шарын шатқалына экскурсияға барғаны туралы ақпарат таралған еді. Әлеуметтік желілерде сел кезінде зардап шеккендердің фотолары пайда болды.

Артынша Шарын шатқалында №199 Алматы гимназиясының мұғалімі мен оқушысы көз жұмғаны хабарланды. 

Талқылау