Шалбарын шешуді сұраған: Дикий Арманның адвокаты Қостанайдағы тергеу изоляторында құқығы бұзылғанын мәлімдеді
Дикий Арман деген атпен танымал Арман Жұмагелдиевтің адвокаты Виктор Кривоносов Қостанайдағы тергеу изоляторында оның құқығы бұзылғанын мәлімдеді. Өйткені адвокаттан қорғауындағы адаммен кездесу үшін шалбарын шешуді сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Виктор Кривоносов Қостанайдағы №76 тергеу изоляторында одан шалбарын шешуді талап еткеніне наразы.
"Қостанай қаласындағы №76 тергеу изоляторында адвокаттардың құқықтары мен адамдық ар-намысы өрескел бұзылады. Клиентіне барар алдында адвокаттар шалбарын шешуі керек. Елдегі басқа тергеу изоляторларында мұндай масқара жоқ", – деді Кривоносов.
Оның айтуынша, аталған тергеу абақтысының қылмыстық-атқару жүйесі адвокатты қамаудағы азаматтармен теңестірген.
"Олар сондай-ақ механикалық сағатты ашуды талап етеді. Алайда қылмыстық-атқару жүйе мен адвокаттар алқасы арасында адвокаттар механикалық сағаттарды пайдалана алады деген меморандум бар", – деді адвокат.
Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бұл жайтты жоққа шығарған жоқ.
"Қостанайдағы тергеу изоляторына адвокаттар кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін келді. Мекеменің аумағына тыйым салынған заттардың кіруіне жол бермеу мақсатында барлығы міндетті түрде тексеруден өтеді. Адвокаттар тыйым салынған мекемеде тінту жүргізу тәртібімен таныстырылды. Адвокаттардың бірін тінту кезінде металл іздегіш сигнал берді, содан кейін оған толық тінту ұсынылды", – деп хабарлады ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.
Еске салайық, 27 қаңтарда Қаңтар оқиғалары бойынша Арман Жұмагелдиевке үкім шыққан еді. Оған қылмыстық топ құрды және басқарды, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды, адам ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айырды деген айыптар тағылып, 20 жылға сотталды.