Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шахтадағы 46 кеншінің қазасы: Қарағанды әкімі кеншілердің отбасына 10 жылдық жалақы төленетінін айтты

Костенко шахтасында қаза тапқан 46 кеншінің отбасы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеу рәсімдеріне біржолғы төлем алды. Сондай-ақ 44 отбасыға 10 жылдық жалақы беріледі. Бұл жөнінде Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 Фото: ОКҚ

Облыс әкімінің айтуынша,  қаза болған кеншілердің отбасына мемлекет тарапынан барлық қажетті материалдық қолдау көрсетіліп жатыр.

"Барлық 46 отбасы БЖЗҚ-дан жерлеу жұмыстарына біржолғы төлем алды. Кәмелетке толмаған балалары бар және 23 жасқа дейінгі жоғары оқу орындарында оқитын балалары бар 20 отбасына асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Қаза тапқан кеншілердің отбасыларына басқа да қолдаулар көрсетіледі", – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ облыс әкімі "АрселорМиталл Темиртауға" қарасты Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің отбасына қанша қаражат бөлдіңіздер" деген БАҚ өкілінің сұрағына жауап берді. Әкімнің айтуынша, 10 жылдың жалақыны есептегенде 3 миллиард теңгеден асады. 

"АрселорМиталл Темиртау" қаражат бөлді, 44 отбасы алды. Қалған екеуі құжаттарын жасап жатыр. Несие жайлы айта кетсек, 300 млн теңгеден астам қаржы кеншілердің өздерінің және отбасы мүшелерінің несиелерін жабуға бөлінді. Бұл жұмыс әрі қарай да атқарылатын болады. Жерлеу, мазарын көтеру сынды шығындарға қаржыны "АрселорМиталл Темиртау" төлеп отыр, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

 Айта кетейік, 28 қазан күні төтенше жағдай аймағындағы өрттен кейін Костенко шахтасында жарылыс болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, оның 46-сы көз жұмды. Апаттан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметіне "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-мен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырған еді. Қарағанды ​​облысында кеншілердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. 

 Бұған дейін, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев  Костенко шахтадасында қаза тапқан кеншілердің отбасылары қандай көмек алғанын айтқан еді.


 

Талқылау